Өскеменде азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сот ерекше істі қарады: жергілікті тұрғын сот арқылы біржолғы зейнетақы төлемдері бағдарламасы аясында емдеуге жұмсалған 1,5 миллион теңгені қайтарып алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Азамат М. 2021 жылы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емдеуге пайдалану мүмкіндігін қолданған. Медициналық қорытындыға сәйкес, оған тіс имплантациясы мен протездеу тағайындалған. Ол "D..." ЖШС стоматологиялық клиникасымен 2 000 000 теңгеге шарт жасасып, бұл қаражат зейнетақы қаражатынан тікелей клиника шотына аударылған.
Алайда іс жүзінде науқасқа 415 000 теңгеге ғана қызмет көрсетілген. Қалған 1 585 000 теңге пайдаланылмаған күйінде қалып, клиника мұны қажетті мамандардың жоқтығымен түсіндірген. Сотқа дейінгі шағымдар да, ақшаны қайтару әрекеттері де нәтиже бермеген.
Сотта клиника өкілі ресми хабарламаға қарамастан келмей, талап-арызға қарсылық білдірмеген. Іс материалдарын зерделеген сот шарт талаптарының тиісінше орындалмағанын анықтап, талапкердің шағымын толық қанағаттандырды.
Сот шешіміне сәйкес, стоматологиялық клиника 1 585 000 теңгені азамат М-нің «Отбасы банк» АҚ-дағы арнайы шотына қайтаруға, сондай-ақ 220 411 теңге көлеміндегі сот шығындарын өтеуге міндеттелді.
Шешім заңды күшіне енді.