Атырау облысында бетперде киген белгісіз төрт адам ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзеті катеріне шабуыл жасады. Шабуылдан кейін шекарашылардың бірі суға құлап кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаскөйлер оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір олар іздестіріліп жатыр.
Оқиға 28 қыркүйек күні күндіз Атырау облысында рейдтік іс-шаралар кезінде болған. ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзеті катері браконьерлік ау құралдарының көп мөлшерін анықтаған.
«Қамыстан ауларды жинау барысында катерге бетперде киген төрт белгісіз адам отырған қайық жақындады. Бұзушылар тоқтау туралы заңды талапты елемей, жоғары жылдамдықпен катердің сол жағымен соқтығысқан. Соның салдарынан экипаж мүшелерінің бірі суға құлап түсті», – деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шабуылдан кейін бұзушылар белгісіз бағытта қашып кеткен. Қазір Атырау облысының Шекара қызметі департаменті құқық қорғау органдарымен бірлесіп іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Оқиғаға байланысты билік өңір тұрғындарын сабыр сақтауға және тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.