Дүниежүзінде ғасыр жасаған адамдар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Егер 2 000 жылы олардың саны 151 мың болса, 2021 жылы 573 мыңнан асты. Мамандардың айтуынша, алдағы онжылдықта 100 жасқа жететіндер қатары бұдан да көбеймек, деп хабарлайды turkystan.kz link.springer.com-ға сілтеме жасап.
Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс және Сидней университеттерінің ғалымдары 95-118 жас аралығындағы адамдардың өмір салтын зерттеп, ұзақ өмір сүруге ықпал ететін ортақ әдеттерді анықтады. Нәтижесінде төрт негізгі фактор ерекше маңызға ие екені дәлелденді.
1. Әртүрлі әрі теңгерімді тамақтану, тұзды аз пайдалану
Ғасыр жасағандардың рационындағы калорияның басым бөлігі дәнді дақылдардан, жеміс-жидек пен көкөністен, сондай-ақ ақуызға бай тағамдардан тұрады. Қызыл етті олар сирек тұтынады. Көпшілігі тұзды аз қолданады, күніне шамамен 2,5-5 грамм. Бұл ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес келеді.
2. Дәрі-дәрмекті аз қабылдау
Көп өмір сүретіндерде созылмалы аурулар кездескенімен, олар әдетте жеңіл өтеді немесе кейінірек пайда болады. Сондықтан олардың қабылдайтын дәрі-дәрмектер саны да аздау. Орташа есеппен олар 4-5 түрлі препарат қолданады, бұл өзге қарт адамдарға қарағанда әлдеқайда төмен көрсеткіш.
3. Сапалы ұйқы
Күніне 7-8 сағат тыныш әрі сапалы ұйқы ағзаның иммундық жүйесін, зат алмасуын және жүрек-қан тамырларын қорғайды. Ал созылмалы ұйқысыздық семіздікке, қант диабетіне және гипертонияға әкелетіні белгілі.
4. Табиғат аясында өмір сүру
Ғасыр жасаушылардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Бұл құбылыс әлемдегі «көгілдір аймақтарда» да байқалады – Окинава (Жапония), Сардиния (Италия), Никойя түбегі (Коста-Рика), Икария (Грекия). Табиғатпен тығыз байланыс күйзелісті азайтып, қан қысымын қалыпқа келтіреді, жүрек пен қантамырларды қорғап, жалпы өмір сүру ұзақтығын арттырады.
Ұзақ өмір сүру тек генетикаға байланысты емес. Ғалымдардың айтуынша, өмір салты, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы және табиғатқа жақындық – денсаулықты сақтап, ғұмырды ұзарта алатын негізгі факторлар.