Астана соты үш рет 112 нөміріне қоңырау шалып, автовокзалда «бомба бар» деп хабарлаған ер адамға үкім шығарды. Оның мақсаты – түрмеге түсу болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бақташы бұған дейін де осындай қылмыстары үшін екі рет сотталған. Биыл тамыз айында ол қайтадан құқық қорғау органдарына хабарласып, Астана автовокзалына жарылғыш құрылғы қойғанын айтқан. Оқиға орнына жедел қызметтер шыққанымен, тексеру барысында бұл ақпараттың жалған екені анықталды.
«Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, әрекетін түрмеге түсу ниетімен түсіндірді. Оның айтуынша, тұрақты баспанасы жоқ, ал түрмеде тегін тамақ пен киім бар», – деп түсіндірді сотта.
Сот бұрынғы үкімдерді ескеріп, айыпталушы ешқандай қорытынды жасамағанын атап өтті.
Енді оның тілегі орындалды: ол екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі абақтыда өтейтін болады.