Елімізде есірткі бизнесін жою үшін жаңа кешенді жоспар әзірленіп жатыр – Ерлан Қарин

/
Елімізде есірткі бизнесін жою үшін жаңа кешенді жоспар әзірленіп жатыр – Ерлан Қарин
gov.kz

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин есірткі бизнесіне қарсы күрес жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар әзірленіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«2023 жылы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Атап өтерлігі, 2016 жылдан бері мұндай жоспар болған емес.

Осылайша, нашақорлықтың таралуына қарсы күрес жұмысы жандана түсті», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қариннің айтуынша, кешенді жоспарды жүзеге асыру кезеңінде нақты нәтижеге қол жеткізілді:

• 50,4 тонна есірткі және 105,2 тонна прекурсор тәркіленді;

• 25 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде 4 трансұлттық топ жойылды;

• 71 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды;

• есірткі саудасымен айналысатын 6 мың сайт бұғатталды;

• есірткі таратушылардың 2,5 млрд теңгеден астам сомасы бар 44 мыңнан аса банк картасы бұғатталды.

Мемлекеттік кеңесші қазір 2026-2028 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері аталған жобаны талқылады.

• Құжат жобасы қолданыстағы 2023–2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарды іске асыру тәжірибесі негізінде әзірленіп жатыр;

• Жаңа жоспар әлдеқайда ауқымдырақ – 109 тармақтан тұрады (қолданыстағы жоспарда – 77 тармақ);

• Нашақорлықтың алдын алу мәселелеріне айрықша көңіл бөлінген;

• Жаңа технологиялар енгізіледі (есірткі таратушылардың желілік белсенділігін шектеу үшін ЖИ-ді пайдалану, электронды транзакцияларды бақылау және т.б.).

«Десе де, проблема әлі де өзекті болып отыр. Сондықтан қоғамда есірткіге деген түбегейлі теріс көзқарас қалыптастыру, жасампаз құндылықтарды ілгерілету, заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру нашақорлыққа қарсы күрестің басты шарты болып қала береді. Қауіпсіздік кеңесінің тамызда өткен отырысында Мемлекет басшысы нашақорлықтың таралуын төмендету үшін еріктілер мен жастар ұйымдарын тарта отырып, кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Қыркүйекте республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары жастар арасындағы нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу үшін бірлескен меморандумға қол қойды», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары