Жүргізуші куәлігі 250 мың теңгеге сатылатыны туралы жарнама барлық жерде жүр – депутат

/
Жүргізуші куәлігі 250 мың теңгеге сатылатыны туралы жарнама барлық жерде жүр – депутат
сурет: parlam.kz

Қазақстанда жол апаттарының саны азаймай тұр. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Ішкі істер министріне жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтеріп, нақты деректер келтірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«2025 жылдың бірінші жартысында елімізде 15 698 жол-көлік апаты тіркелген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 54 пайызға көп. Апаттан 22 346 адам жарақат алып, 1 466 азамат қаза тапты», – деді депутат.

Оның айтуынша, тек бір айдың ішінде ірі жол апаттарынан 25 адамның өмірі қиылған.

Сайыровтың сөзінше, апаттың негізгі себептері – жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы, ұйықтап кетуі, қарсы жолаққа шығуы.

«Жыл басынан бері Қарағанды облысында жол апатынан 49 адам көз жұмса, оның үштен бірі – такси қызметін пайдаланған жолаушылар», – деді ол.

Депутат қалааралық тасымалдауда жиі қолданылатын оң рульді Toyota Alphard көліктерін де ерекше атап өтті.

«Бұл маркадағы машиналар қатысқан апаттар тым көп. Соның кесірінен қаншама отбасы қара жамылып отыр», – деп ескертті Сайыров.

Оның пікірінше, такси жүргізушілерінің жауапкершілігі күшейтілуі керек.

«Біз олардың отбасын асырау үшін еңбектеніп жүргенін түсінеміз. Бірақ басқа азаматтардың өміріне қауіп төндіріп ақша табу – күнә», – деді ол.

Сонымен қатар, депутат жүргізуші куәліктерінің заңсыз берілуіне де тоқталды.

«250 мың теңгеге куәлікті оңай алуға болатыны туралы жарнама барлық қалада бар. Мұндай жағдайда жолдағы тәртіпті қалай сақтаймыз?», – деп сауал қойды Сайыров.

Ол дамыған елдердің тәжірибесін үлгі етіп ұсынды.

«Мәселен, АҚШ-та такси жүргізушісіне қойылатын талап қатаң: денсаулығы, соттылығы, жүргізуші куәлігі мұқият тексеріледі. Жылдамдықты асырып жіберсе, полиция айыппұл салып қана қоймай, бірден Uber жүйесіне мәлімет береді де, жүргізушінің аккаунты екі жылға жабылады», – деді депутат.

Сайыров жолдағы қауіпсіздікті арттыру үшін екі негізгі ұсыныс айтты:

Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді, оң рульді және екі есікті машиналарды рейске шығармау, ал қалааралық рейс жүргізушілерін рейс алдында техникалық және медициналық бақылаудан өткізу.

Такси сервистерінің жүргізушілердің біліктілігін, көліктердің техникалық жағдайын қатаң қадағалап, талапқа сай келмегендерін шектеуін қамтамасыз ету.

«Жолдағы тәртіп – бейбіт күннің басты майданы. Бұл майданда заң мен тәртіп үстем болуы керек», – деп түйіндеді Ерлан Сайыров.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары