Петропавлда сот салық қызметін Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшыларының бірі Азамат Сейтхановтың отбасына 34 млн теңге төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс материалдарына сәйкес, өткен жылдың шілде айында шенеунік іссапармен Астанаға барып, жол-көлік оқиғасына түскен. Сейтханов пен тағы бірнеше адам қаза тапты. 2024 жылдың 31 қазанында қайғылы жағдайдың марқұмның еңбек қызметімен байланысты екені ресми түрде құжатпен расталды.
Жесір әйел өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінен жұбайының соңғы 12 айда алған барлық кірістерінің негізінде 58 млн теңгеден астам төлем жасауды талап етті.
«Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғасы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне немесе асырауындағы адамдарға бюджет есебінен соңғы атқарған қызметі бойынша 10 жылдық ақшалай қамтылу мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Марқұмның арнайы атағы немесе сыныптық шені болмағандықтан, оның ақшалай қамтылуы тек лауазымдық айлық ақысымен шектелген», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде сот мемлекеттік органды жесіріне 34,8 млн теңге төлеуге міндеттеді.