Семей орталығында жүк көлігі шұңқырға түсіп кетті (ВИДЕО)

/
Семей орталығында жүк көлігі шұңқырға түсіп кетті (ВИДЕО)
скриншот

Семей орталығындағы қиылыста жүк көлігі шұңқырға түсіп кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жағдай 14 қыркүйекте Ибраев пен Уранхаев көшелерінің қиылысында болған.

“Жол-құрылыс жұмыстары кезінде жылу торабы маңында жол жабыны опырылды. Шансиман көлігінің 37 жастағы жүргізуші осы аумақтан өтіп бара жатып, көліктің жартылай шұңқырға түсуіне жол берді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Тек материалдық шығын келтірілді”, – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның дерегінше, оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері барып, аумақты қоршап, қауіпсіздік шараларын қабылдаған. Қазір болған жайттың барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Бұл көше жөндеу жұмыстарына қатысты тұрғындар тарапынан бұған дейін де сынға алынған еді. Қыркүйек айының басында қала тұрғындары жолдағы олқылықтарға назар аударуды сұраған еді.

“Семей қаласы полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімі өз құзыреті аясында аталған аумақты тексерді. Нәтижесінде Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиісті нұсқама берілді. Қазір Ибраев көшесінің бойында жылу желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс аяқталғаннан кейін барлық қажет жол инфрақұрылымы қалпына келтіріледі”, – деп нақтылады полиция департаменті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары