Алматы облысында «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына көп мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама аясында тұрғындар жеңілдетілген несие алып, жаңа кәсіп көзін ашуда.
Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында тұратын Гүлжахрам Зурдинова былтыр бағдарлама арқылы 25,8 миллион теңге несие алып, аумағы 240 және 300 шаршы метрді қамтитын екі жылыжай салған. Бұл екі жылыжай қыста газбен жылытылады.
Қазір онда қызғалдақ, петуния, хризантема, астра, барқытгүл сияқты ондаған гүл өсіріледі. Өнім Алматы қаласы мен аудан базарларына жеткізіледі, сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы да сатылады.
«Бұрын банктен қымбат несие алып, қиналатын едік. Ал «AMANAT» партиясының бастамасымен іске асқан «Ауыл аманаты» бізге үлкен мүмкіндік болды. Тәуекел еттік, қазір соған қуанамыз. Ісіміз оңға басты, бүгінде сұраныс көп. Алғашқы қызғалдақтар гүлдегенде бүкіл отбасы болып шаттандық. Гүлді бұрыннан жақсы көреміз. Гүл өсіру – ата-анамыздан дарыған әдет қой. Енді сол әуестік табыс көзіне айналды. Енді үшінші жылыжай салсақ дейміз. Көршілер де келіп, гүл алып кетеді, кейде тегін беремін. Шелектің бүкіл көшесі гүлге толса деймін», – дейді Гүлжахрам Зурдинова.
Бүгінде жылыжай жұмысына бүкіл отбасы жұмылған. Балалары, келіндері, туыстары қолғабыс жасайды. Жылына үш маусымда гүл жинайды. Ал нағыз науқан кезінде сырттан жұмысшыларды жалдайды.
Айта кету керек, Алматы облысында «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан бері жүзеге асып келеді. Өткен жылы өңірде кәсіпкерлерге 8,3 млрд теңге бөлініп, 1 090 жоба іске асты. Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданында 33 жоба қаржыландырылды.