АҚШ президенті Дональд Трамп 23 жастағы украиналық босқын Ирина Заруцкаяның өлтірілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қызды 22 тамыз күні метро станциясында пышақтап өлтірген.
Журналистермен қысқа әңгіме барысында Трамптан украиналық босқын Ирина Заруцкаяның өлтірілу сәті түсірілген видео жайлы сұралды.
«Қорқынышты екен. Мен мұндайды естімеппін. Қашан болды?» – деп жауап берді АҚШ президенті. Репортер қылмыстың тамыз айында жасалғанын, алайда бейнежазба тек жақында ғана көпшілікке таралғанын түсіндірді.
Оған жауап ретінде Трамп істі қарастыратынын айтты.
«Мен видеоны қарап, ертең таңға дейін барлық мәліметті білетін боламын», – деді президент.
Еске салсақ, АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында үйсіз ер адам Украинадан келген босқын Ирина Заруцкаяны өлтірген болатын.
Қылмыс 22 тамызда Шарлотт қаласындағы жеңіл рельсті трамвай станциясында жасалды. Дегенмен, қылмыс сәті түсірілген кадрларды жергілікті БАҚ тек бүгін ғана жариялады.
23 жастағы украиналық қыздың өліміне күдікті ретінде 34 жастағы Декарлос Браун танылды. Ер адам ұрлық үшін бірнеше рет қамауға алынған, сондай-ақ қарулы тонау жасағаны үшін бес жыл түрмеде отырған.
«Полиция оның тұтқындалып, бірінші дәрежелі кісі өлтіру айыбымен айыпталғанын хабарлады», – делінген ақпаратта.