Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті "Білім күні" мерекесін жарқын жетістікпен қарсы алды.
ҚазАТЗУ мемлекеттік білім беру гранттарын жеңіп алған талапкерлер саны бойынша республиканың жоғары оқу орындары арасында үшінші орынға ие болды.
Қабылдау науқанының қорытындысы бойынша университетке 6700-ге жуық талапкер қабылданды. Оның 4000-ға жуығы мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды. Бұл Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен қатар осы көрсеткіш бойынша үздік 3 жоғары оқу орнының қатарына кіруге мүмкіндік берді.
Бакалавриат бойынша оқуға 3760 студент, магистратурада оқуға - 133, докторантурада оқуға - 67 адам грант алды. Сонымен қатар, 47 талапкер Астана қаласы әкімдігінің грант иегерлері атанды.
Биыл ҚазАТЗУ барлығы 6617 талапкер қабылдады. 5824 адам бакалавриат бойынша оқуға, 214 адам магистратураға, 71 адам докторантураға түсті. Сонымен қатар, бакалавриатқа 461 шетелдік студент түсті.
"Жыл сайын біздің ҚазАТЗУ-ға түсушілер саны артып келеді. Бұл білім беру сапасын, оның жоғары беделін және түлектердің сұранысын көрсетеді. Өткен оқу жылында университетке бес мыңға жуық адам түсті", – деп хабарлады университет өкілдері.
Биыл он бірінші сыныпты үздік бітірген талапкерлерді қабылдауда жемісті болды. ҚазАТЗУ 148 "Алтын белгі" иегерін және үздік аттестаты бар 347 адамды қабылдады. Сонымен қатар, үздік оқушылардың ең көп саны - 167 адам "Жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн" факультетін таңдады.
Seifullin University - еліміздің экономикасы мен агроөнеркәсіптік кешенінің барлық саласына сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлайтын іргелі оқу орны. ҚазАТЗУ қабырғасында 17 білім беру бағыты бойынша мамандар даярланады. 18 мыңнан астам студент сапалы білім алады.
Барлық бағыт бойынша маман даярлаудың білім беру бағдарламалары АҚШ, Түркия, Канада, Италия, Литва, Финляндия, Малайзия, Австралия және басқа елдердің жетекші бейінді университеттерімен бірлесіп әзірленген.
Былтыр университетпен өзара ынтымақтастық орнатқан 46 елдің Төтенше және Өкілетті елшісі келді. Сейфуллин университетінде 158 ғылыми және 25 халықаралық жоба жүзеге асырылуда.
ҚазАТЗУ жетістіктері халықаралық деңгейде танылды. QS беделді әлемдік рейтингінде ҚазАТЗУ 1200-ші орынды, Азия университеттері арасында 281-ші орынды, ал Орталық Азияда 16-шы орынды иеленді. Бұл ретте Қазақстанда көшбасшылар үштігіне кіреді.
Университет басшылығы әлемнің үздік 500 университетіне кіруді мақсат етіп отыр.