Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінінің неліктен уақытша жабылғанын түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Елімізде мәдени нысандарды жаңғырту мен сақтау бағытындағы ауқымды мемлекеттік бағдарлама аясында Қазақстанның басты өнер ордаларының бірі – Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Жаңғырту шеңберінде шатырды ауыстыру, заманауи климаттық жүйелер орнату, паркет жабындысын қалпына келтіру және өзге де маңызды техникалық жетілдірулер көзделген. Бұл шаралар келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасап, өнер туындыларын сақтаудың заманауи талаптарын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған байланысты 5 тамыздан бастап музей уақытша жабылды. Мұндай шешім ең алдымен ел қазынасына айналған құнды жәдігерлердің сақталуы мен құрылыс кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданды", – дейді Министр.
Аида Балаева бұл маңызды жобаны іске асыруға қолдау көрсеткендерге алғысын жеткізді.
"Осы маңызды жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Senim Qogamy қоры мен бас демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ-на шынайы алғысымызды білдіреміз. Жөндеу жұмыстарын мердігер ұйым – «Lucky Build Company» ЖШС атқарып жатыр.
Барлық жұмыс аяқталған соң жаңарған музей қонақтарын жаңа заманға сай, шабыт сыйлайтын, өз коллекциясы мен мәртебесіне лайық жаңа кеңістікте қарсы алады деп сенеміз", – дейді А.Балаева.