Ибупрофен мен парацетамол – әлем бойынша миллиондаған адам күн сайын қолданатын ең кең тараған дәрілер. Әдетте оларды ауырсыну мен қызуды басу үшін еш ойланбастан қабылдаймыз. Алайда Оңтүстік Австралия университетінің жаңа зерттеуі бұл дәрілердің күтпеген қауіп төндіруі мүмкін екенін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Proceedings of the National Academy of Sciences журналында жарияланған ғылыми жұмыста ибупрофен мен парацетамолдың бактериялардың антибиотиктерге төзімділігін күшейтетіні анықталды. Бұған қоса, оларды бірге қолдану әсерді айтарлықтай арттырады.
Зерттеу барысында ғалымдар антибиотиктердің кең таралған түрі – ципрофлоксациннің ішек таяқшасына (E. coli) әсерін тексерді. Бұл бактерия ішек және несеп-жыныс жолы инфекцияларының ең жиі себепшісі болып саналады. Нәтижесінде, ауырсынуды басатын дәрілердің қатысуында бактериялар әлдеқайда жылдам мутацияға ұшырап, тек ципрофлоксацинге ғана емес, басқа да бірнеше антибиотикке төзімді бола бастаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2019 жылы емге төзімді микроорганизмдерден туындаған инфекциялар 1,27 миллион адамның өліміне әкелген. Бұған дейін бұл қатер тек антибиотиктердің бақылаусыз қолданылуымен байланыстырылады деп саналған еді. Енді ғалымдар тіпті қарапайым ауырсынуды басатын немесе қан қысымын реттейтін дәрілердің өзі инфекцияны емдеу тиімділігін жанама түрде төмендетуі мүмкін екенін ескертуде.
Зерттеушілер мұндай әсердің себебін де түсіндірді: ибупрофен мен парацетамол бактериялардың қорғаныс жүйесін белсендіріп, антибиотик молекулаларын жасушадан «шығарып тастауға» көмектеседі. Соның салдарынан емдеу тиімділігі төмендейді.