«Жаман әдет жастарға жат»: Балқашта «Есірткіге жол жоқ!» акциясы ұйымдастырылды

«Жаман әдет жастарға жат»: Балқашта «Есірткіге жол жоқ!» акциясы ұйымдастырылды

Қарағанды облысы Балқаш қаласында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты қалалық полиция бөлімімен бірлесіп «Есірткіге жол жоқ!» акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – нашақорлық мәселесіне қоғам назар аудару, жастардың бойында есірткіге қарсы төзімділік қасиетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын нығайту.

Акция барысында түсіндіру жұмысы жүргізіліп, тұрғындарға ақпараттық материалдар таратылды. Бұл ретте, оқушылар мен студенттерге ерекше назар аударылғанын айта кеткен жөн. Себебі олар қауіп-қатерге бейім ең осал топ саналады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы алғашқы бес айда Қазақстанда 1400-ден астам есірткі қылмысы анықталып, 4 тоннадан астам тыйым салынған заттар тәркіленді. Сарапшылардың пікірінше, шамамен 17 мың адам наркологияда есепте тұр. Алайда есірткі тұтынушылардың нақты саны одан да жоғары.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, нашақорлық – барлық отбасының алдында тұрған нағыз қасірет.

«Бүгінде нашақорлық тұтас ұрпақ үшін нағыз сынақ болып отыр. Оның алдын алу – тек полиция қызметкерлерінің немесе дәрігерлердің ғана міндеті емес. Бұл – баршамызға ортақ парыз. Егер ата-аналар, мұғалімдер, белсенділер және мемлекет бірлесіп әрекет ететін болса, жастар жат әдетке тәуелділіктен сақтана алады. Біздің міндетіміз – жастарға балама жол ұсыну: спорт, білім, шығармашылық», – деді «Жастар Рухы» жастар қанаты Балқаш қалалық филиалының төрағасы Әбен Әлібек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары