Туризм және спорт министрлігі танымал отандық блогерлердің аккаунттарында ұйымдастырылған конкурсқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Instagram әлеуметтік желісіндегі Zhanabylov_e және elt6i аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты төмендегіні хабарлайды:
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне азамат С.-дан жоғарыда көрсетілген блогерлер ұйымдастырған бағалы сыйлықтарды ұтысқа салудың лотерея қызметі туралы заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру жөнінде өтініш келіп түсті.
Қазіргі уақытта азамат Жанабыловқа ӘҚБтК-нің 743-бабының 1-бөлігіне сәйкес түсініктеме беру қажеттілігі туралы хабарлама жолданды, оның нәтижелері бойынша әкімшілік іс қозғау мәселесі қаралатын болады.
Түсініктеме болмаған жағдайда, комитет ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғайды (жеке тұлғаларға – жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – үш жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады). Азамат келмеген жағдайда іс сырттай қаралады", - делінген хабарламада.
Осы ретте министрлік Қазақстан Республикасының "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" Заңының 5-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес лотерея операторы немесе лотерея таратушысы (агенті) болып табылмайтын тұлғалардың лотерея өткізуіне және лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуларына (сатуларына) тыйым салынатынын еске салды.
"Азаматтарды әлеуметтік желілерде ресми лотерея ұйымдастырушылары болып табылмайтын тұлғалар өткізетін күмәнді ұтыс ойындарына, "гивтерге" және өзге де іс-шараларға қатыспай, қырағылық танытуға шақырамыз. Бұл қаржылық шығынға ұшыраудан және алаяқтықтың құрбаны болудан сақтайды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, министрліктің мәлімдемесіндегі аталған Instagram желісіндегі Zhanabylov_e және elt6i парақшаларын танымал қазақстандық ерлі-зайыпты блогерлер – Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова жүргізеді.