Қарағанды – ғылым мен білімнің жаңа орталығы: Бөкетов университетіне ұлттық мәртебе берілді

Қарағанды – ғылым мен білімнің жаңа орталығы: Бөкетов университетіне ұлттық мәртебе берілді
gov.kz

Қазақстан ғылымы мен жоғары білімінің даму тарихында айтулы оқиға болды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 12 тамыздағы Жарлығымен ұлттық мәртебе берілді. Бұл – осындай деңгейге қол жеткізген өңірдегі алғашқы жоғары оқу орны. Бүгінде республикада 18 ұлттық университет бар.

Осыған орай оқу орнында өткен кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Мәжіліс депутаттары және профессорлық-оқытушылық құрам қатысты.

Жаңа мәртебе университетке академиялық және ғылыми дербестікті кеңейтуге жол ашады. Ол жетекші ғалымдар мен қаржы тарту мүмкіндігін арттырып, халықаралық білім кеңістігіндегі орнын нығайтады.

– Университеттің ұлттық мәртебеге ие болуы – тарихи қадам. Бұл мәртебе оқу орнына икемділік пен академиялық еркіндік береді. Енді университет өз білім беру бағдарламаларын әзірлеп, үздік оқытушыларды тарта алады, жаңа зертханалар ашып, өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлескен жобаларды іске қосуға мүмкіндік алады. Мұның барлығы талантты жастарды тартуға ықпал етпек. Ұлттық мәртебе – әрдайым қосымша артықшылық, – деді Саясат Нұрбек.

Министр сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қарағандыда Ұлыбританияның әлемдік үздік 200 университетінің қатарына кіретін Эксетер университетінің филиалын ашу мәселесі қаралып жатқанын хабарлады. Бұл – кен ісі мектебі сақталған жалғыз шетелдік оқу орны, сондықтан индустрияға бағытталған өңір үшін аса өзекті.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев университет ұжымын құттықтап, бұл мәртебенің көпжылдық еңбектің, сапалы білім берудің және ғылыми әлеуеттің нәтижесі екенін атап өтті.

— Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлерде ғылым мен білімді дамыту басты басымдықтардың бірі болып отыр. Қарағанды университетінің жетістіктерінің жоғары бағалануы – соның айқын дәлелі. Біз оқу орнымен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Мұнда жасалып жатқан ғылыми ізденістердің барлығы өңір үшін маңызды. Біз университетті әріптес қана емес, Қарағанды облысын дамытудағы және тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы сенімді серіктесіміз деп білеміз. Қарағандыны ғылым мен білімнің орталығына айналдыру – ортақ мақсатымыз, – деді өңір әкімі.

Ұлттық мәртебенің университеттің алғашқы ректоры, академик Евней Бөкетовтың 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі де ерекше мәнге ие. 

— Осы университеттің түлегі әрі Мәжіліс депутаты, облыстың тумасы ретінде бұл жаңалыққа шын жүректен қуаныштымын. Бұл – профессорлық-оқытушылық құрамның қажырлы еңбегінің жемісі. Университетті тағы да шын жүректен құттықтаймын, – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Кездесу барысында қатысушылар ұлы ғалым ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қазір оқу орнында 14 мыңнан астам студент, магистрант және докторант білім алуда.

12 факультетте 200-ге жуық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бөкетов университеті бүгінде еліміздегі жетекші көпсалалы жоғары оқу орындарының қатарынан лайықты орын алған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары