Қазақстандық студенттер Қытайда өткен ғылыми байқауда 2 алтын медаль иеленді

Қазақстандық студенттер Қытайда өткен ғылыми байқауда 2 алтын медаль иеленді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биотехнология кафедрасында білім алатын «Биоинженерия» мамандығының студенттері Қытайда өткен The 2025 China Belt and Road International Undergraduate Medical Innovation Competition атты халықаралық байқауға қатысып, екі алтын медальді жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл беделді жарысқа әлемнің 20 елінен 4000-нан астам студент қатысып, үздік ғылыми жобаларын ұсынды. ҚазҰУ атынан ғылыми байқауға екі команда қатысты.

Бірінші топ құрамында команда капитаны Темірхан Қазанбасов, сондай-ақ студенттер Чутин Тао, Шуи Цзи, Мира Дәулет және Амина Давлетчарова болды. Командаға жетекшілік еткен – биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Аида Қыстаубаева және Қытай Халық Республикасынан шақырылған маман – Вэня Хоу.

Екінші команданың мүшелері – Яохуэй Пэн, Хао Чен, Тимур Керімов және Гүлсая Асқар болды. Команданы Дамира Елтокова басқарып, биотехнология кафедрасының аға оқытушысы, PhD Дина Шоқатаева ғылыми жетекшілік етті.

ҚазҰУ командалары байқау барысында өздерінің терең білімін, шығармашылық қабілетін және кәсіби дайындықтарын жоғары деңгейде көрсетті. Бұл жеңіс – студенттердің табандылығы мен еңбегінің, сондай-ақ үйлесімді командалық жұмыстың айқын нәтижесі. Олар тек білімдерін ғана емес, өздерінің бірегей идеяларын ұсынып, халықаралық деңгейде озық жобалар қатарынан көріне білді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары