«Денің сау ма өзі?!»: Жандарбек Бұлғақов ұрлық үстінде ұсталғанын айтты

/
«Денің сау ма өзі?!»: Жандарбек Бұлғақов ұрлық үстінде ұсталғанын айтты
Видеодан скриншот

Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов бала кезінде жасаған қателігі үшін әкесінен жаза алғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақын журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында базарда жасыл түсті сағатты ұрлап алмақ болғанын, оны көрген әкесінің бірден қатты жазаға тартқанын еске алды.

«Бала күнімде әкеммен бірге базарға бардым. Сол жерде жасыл түсті сағат сатылып тұр екен. Бұрын ондайды көрмеген соң қатты ұнап қалды. Қойдың жағын ойыншық қылып жүрген кезім ғой, ерекше көрінді. Содан байқатпай алып қойдым. Саудагер көріп қалып, “балам, орнына қой, ол сатылатын зат” деді. Әкем алдыда келе жатқан, артына жалт бұрылып, бірден астына түс деді. Сауда үйінің төменгі қабатына түскеніміз сол еді, ештеңе түсіндірместен шапалақпен тарс еткізді. “Өміріңді түрмеде өткізгің келіп жүр ме?!” деп зекіді. Осы сөз есімнен шықпай қалды», – дейді ақын.

Бірақ оқиға мұнымен аяқталмаған. Үйге келген соң анасы да ұлына ауыр сөз айтыпты.

«Әкем жұмысқа кеткен. Таңертең шай ішіп отырғанда анам: “Жандарбек, кеше сағат ұрлапсың ғой? Денің сау ма өзі?!” деді. Бұл сөз кешегі таяқтан да қатты тиді. Кішкентай болсам да, жерге кіріп кеткендей болдым. Бүкіл елге теледидардан көрсетіп жатқандай күй кештім», – деп еске алады Жандарбек.

Ақын сөзін қорытындылай келе, мұндай жағдай кез келген баланың басында болатынын, ал ата-ананың дұрыс бағыт беруі өте маңызды екенін атап өтті.

«Көшеде жатқан ойыншықты алып келу, дүкеннен қалған 50-60 теңгені қалтасына салып алу – бұл балаларда кездесетін нәрсе. Бірақ ата-аналардың реакциясы әртүрлі. Біреулер мән бермей қоя салады, ол дұрыс емес. Ертең ол әдетке айналып кетуі мүмкін. Бүгін 50 теңге ұрласа, ертең 500 теңге, кейін қызметке барса, 500 миллиардқа дейін жетуі ғажап емес», – дейді Жандарбек Бұлғақов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары