Үндістанда ер адам 19 жастағы қызын «отбасын масқаралады» деп өмірін қиған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Oxu.Az жазды.
Оқиға Уттар-Прадеш штатының батысындағы Алигарх қаласында болған. БАҚ деректеріне сәйкес, 10 тамыз күні қаланың маңындағы ауылдардың бірінде тұрғындар арықтан басы кесілген қыз салынған қап тауып алған. Полиция ұзақ уақыт бойы құрбаның жеке басын анықтай алмады. Бірнеше күннен кейін желіде оның киімдерінің суреті жарияланған соң, жергілікті тігіншілердің бірі өзінің кестесін танып, бұл 19 жастағы Таманна есімді қызға арнап тіккен киім екенін айтқан. Ол Алигарх тұрғыны, 40 жастағы Хасрат Алидің қызы болып шықты.
Полиция анықтағандай, шілде айында қыз үйінен бір ер адаммен қашып кеткен, бірақ екі күннен соң әкесіне және өгей шешесіне қайтып оралған. Олардың қызының бұл әрекетіне және «лайықсыз қылығына» көңілі толмай, оны қатты сабаған. Алайда 8 тамызда қыз тағы да сол ер адаммен қашып кетіп, бұл жолы да екі күн бойы үйіне оралмаған.
Қызының мінез-құлқына наразы болған Хасрат Али бұл жайында қайын атасына айтып, ол да «қыз отбасының абыройын төгіп жатыр» деген пікірін қолдап, «мәселені дереу шешуге» кеңес берген. Қызы үйіне оралған күні Хасрат пен әйелі оның тамағына есірткі қосып, туысының үйіне апарған, сол жерде қызды қатыгездікпен өлтірген. Ер адам қызын тану қиын болу үшін оған көптеген жарақаттар салған.