Павлодар облысында мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот өгей қызына жыныстық зорлық-зомбылық жасаған ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айырды. Іс жабық режимде қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот мәліметінше, сотталушының кінәсі жәбірленушінің және куәгерлердің алдын ала алынған жауаптарымен, сондай-ақ сот сараптамаларының қорытындыларымен толық дәлелденді. Қылмыс жәбірленушіге күш қолданамын деп қорқыту және оның дәрменсіз жағдайын пайдалану арқылы жасалған зорлау ретінде сараланды.
«Сотталушы жасаған қылмыстар аса ауыр қылмыстар санатына жатады және тек қана бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, ал ҚР ҚК 120-бабының 4-бөлігі («Кәмелетке толмағанды зорлау») бойынша тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп түсіндірді сотта.
Ер адам кінәлі деп танылып, ерекше қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жазасын өтеуге жіберілді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.