Әнші Жазира Байырбекова некенің алғашқы кезеңінде күйеуі Жанболат Байырбеков тарапынан бірнеше рет қол жұмсау жағдайы болғанын жасырмады, деп жазады turkystan.kz.
Өнер иесі бұл туралы «Ұят емес» бағдарламасында айтып, сол уақыттағы жағдайды былай еске алды:
«Таяқ жедім, бірақ көп емес — екі-үш рет қана. Үйдің еркесі болып өскендіктен, жолдасыма қарсы сөйлейтінмін. Соның салдарынан тілімнен таптым. Қазір ондайға жол бермеудің жолын білемін», — деді ол.
Өнер иесі өткен өмірін бұлайша жеңіл айта салудағы себебін былайша түсіндірді.
«Қазір ажырасу өте көп. Бір келіншек құрбысына «маған қол жұмсады ғой, білесің бе» деп жарияға жар салады. Оған құрбысы «бір ұрған еркек қайта ұрады, құрысын, ажырас» деп кеңес береді. Осының салдарынан жарының бір ұрғаны үшін екі айырылп кетіп жатқандар бар. Әрине, бұл ұрғанға шыдап жүре беру керек дегенім емес, отбасы болған соң түрлі жайттар болып жатады», - деді ол.