Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: Үшінші адамның денесі табылды

/
Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: Үшінші адамның денесі табылды
Қорғаныс министрлігі

Сорбұлақ көлінде апатқа ұшыраған тікұшақтағы үшінші адамның денесі табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

"10 тамызда экипаж командирі майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаевтың денесі табылып, анықталғанын естеріңізге саламыз.

Ол эскадрилья командирінің (армиялық авиация) тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары болды. 1-сыныпты ұшқыштың EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі айтарлықтай, жалпы ұшу уақыты – 930 сағат. Жоғары кәсіби дайындығымен, жауапкершілігімен, бастамашылдығымен және әскери борышына адалдығымен ерекшеленген ол әріптестері мен қолбасшылық арасында зор құрметке ие болатын.

11 тамыз күні іздеу топтары авиациялық эскадрилья авиациялық буынының борт технигі капитан Бақтияр Сәниоллаұлы Ержігітовтің денесін тапты. 1-сыныпты маманның EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі жеткілікті, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Авиациялық бөлімдерде көп жылдық тәжірибе жинақтаған жоғары білікті маман, бейіндік дайындықтан өткен.

12 тамыз күні экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің денесі табылды. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат", - делінген хабарламада.

Қаза тапқан ұшқыштардың үшеуі де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі. Әріптестері марқұмдарды әрдайым көмекке дайын, қайырымды, әрі жанашыр азамат ретінде еске алады.

Акваторияны және оған іргелес аумақты зерттеу бойынша іздестіру шаралары жалғаса бермек. Осыған сәйкес тікұшақ бөліктерін анықтау және жағаға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Апаттың себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінің басшылығы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетілетін болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары