Алматы құтқарушылары теңіз деңгейінен 3800 м биіктікте құтқару операциясын орындады, жасөспірім тауда ауыр жарақат алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомство мәліметінше, 10 тамызда Алматы қаласы ТЖД құтқару қызметінің құтқарушылары «Тұйық Су» бақылау-құтқару пунктінен Медеу ауданындағы Титов шыңына аттанды. Онда үш бала бір ересек адаммен ілесіп, тауға көтерілген.
Жасөспірімдердің біріне таудан түсіп бара жатқан кезде тас құлаған.
Құтқарушылар 2009 жылы туған зардап шегушіге жетіп, білегі сынғанын анықтады. Жасөспірім есін біледі, өздігінен жүре алатындай жағдайда болған.
«Бала іздестіру-құтқару бекетіне жеткізіліп, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлеріне табысталды. Жағдайы тұрақты», – делінген хабарламада.