Солтүстік Қазақстан облысында үш бала мен бір ересек адам донерден уланып, екінші күн қатарынан ауруханада жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға кеше Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Булаев қаласында өткен «Жастар-2025» спартакиадасының ашылуында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, зардап шеккендер мереке өтіп жатқан аумақтағы сауда нүктесінен көше тағамын – болжам бойынша донер жеген.
Зардап шеккендер саны бұдан да көп болуы мүмкін, тек кейбіреулері дәрігерге бармай, өз бетімен емделген. СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аудандық басқарманың бұл іс бойынша тергеу бастағанын хабарлады.
«Эпидемиологиялық тексеріс жүргізу үшін қажетті барлық сынамалар мен сүртпелер алынды. Бүгінгі таңда нәтижелер сараптамада. Алдын ала деректер бойынша, барлық зардап шеккендер 8 тамызда Магжан Жұмабаев ауданы Булаев қаласындағы стадион аумағында орналасқан сауда нүктесінен донер жеген», – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Барлығы төрт адам уланған, олардың үшеуі – бала, біреуі – ересек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы науқастардың жағдайы туралы айтты.
«Кәмелетке толмағандардың жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта, оң динамика байқалады. Ересек науқас та дәрігерлердің бақылауында инфекциялық бөлімде ем қабылдап жатыр, жағдайы орташа ауырлықта», – деді ведомствода.