Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыпталып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған Дикий Арманның анасы өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Дикий Арманның досы Нұржан Иманәлиев желідегі парақшасында жазды.
«Бүгін жүрегімізді ауыртқан қаралы хабар жетті… Ардақты досымыз Арманның асыл анасы, қадірлі Роза апай өмірден озды. Жаратқан иеміз оның жанын жәннаттың ең жоғары дәрежесі — Фирдаус жәннатына орналастырғай. Роза апайымыз — иманды, парасатты, сабырлы, текті, ақылгөй жан еді. Тағдырдың ауыр сынақтарын бастан өткерді. Жалғыз ұлына ұзақ жыл жаза беріліп, баласының басына бұлт үйірілген қиын кезеңдер болды. Бірақ ана жүрегі соның бәріне төзіп, баласынан ешқашан теріс айналған жоқ. Ақырғы демі алдында да Қостанайға барып, ұлын көріп қайтты. Сол сәттен кейін жүрек ауыртпалығына шыдай алмай, ауруханаға түсіп, сол жерде Жаратушысына қайтты. Қандай ауыр сынақ. Ана жүрегі, ана мейірімі баласының қасында, баласы үшін тулаған күйде соңғы сапарға аттанды. Бауырлар, жамағат, достар — Арманды таныған, білетіндер, бір мезет қол жайып Роза апайымызға дұға арнайық. Алла Тағала Роза ананың жанын рақымына алып, күнәларын кешіріп, қабірін нұрға бөлесін. Арман бауырыма сабыр мен күш-қуат, төзім мен шын иман берсін. Жұма күні дүние салған адамның дәрежесі биік делінеді. Бұл да Алланың ерекше таңдауы болар. Иә Алла, бұл анамызды рахметіңе бөлеп, артында қалған ұрпағына, баласына сабыр мен бекемдік бере гөр!», - деп жазды ол.