ЖИ жарысы: Қазақстанның бәсі қандай?

/
ЖИ жарысы: Қазақстанның бәсі қандай?

Қазақстан цифрлық трансформация бойынша аймақтағы көшбасшы ел ретінде танылуда – бұл тек финтех пен IT экспортында ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және кеңжолақты интернетпен қам­ту бағыттарында да айқын көрініс тапты. The World Financial Review басылымының 8 шілдедегі мақаласында қазір Қазақстан онлайн мемлекеттік қыз­мет көрсету бойынша әлемдік үздік ондыққа еніп, Еура­зиядағы цифрлық жаңғыртудың үлгісіне айналған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Аna tili газетіне берген сұх­батында еліміздегі цифрлық тех­нологиялар мен жасанды интел­лект­тің (ЖИ) даму перс­пективаларына ерекше тоқталғаны – бұл саланың ұлт­тық деңгейде қаншалықты маңыз­ды екенін көрсетеді. Мемлекет бас­шысы: «Қазақстаннан экспорт­та­латын ІТ-қызметтер саны артып ке­ле жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub та­бысты жұмыс істеп тұр. Бұл тех­но­парк бір жарым мыңнан астам ком­­панияның басын біріктіреді. Оның үштен біріне жуығы – шет­елдік ком­пания. Осылайша, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді», – деп атап өтті.

Қазақстан Үкіметі 2024 жылы ЖИ техно­логияларын экономика салаларына енгізу мақсатында стратегиялық құжат қабылдады. Бұл бағытта Премьер-Министр Олжас Бек­теновтің төрағалығымен арнайы отырыс өтті. Министрлер Саясат Нұрбек пен Жаслан Мәдиев жасанды интеллектті дамыту мен оны құқықтық реттеуге қатысты нақты ұсы­ныстар жасады. Сол кезде «2029 жылға қа­рай жасанды интеллектіні қолданып жа­сал­ған өнімдер саны 5 есеге өсуі тиіс. Осыған сәйкес, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті ма­ман­дар қажет. Бұл ретте отандық компания­лар­дың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ба­рынша ескеру маңызды, бұл тұтастай эко­номикаға мультипликативтік әсер береді», – деп атап өткен еді Олжас Бектенов. ЖИ-ді дамыту жөніндегі тұжырымдама биылғы 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында Президент берген тапсырма негізінде әзірленіп жатыр. Бұл құжат Қазақстанның ал­дағы бес жылдағы цифрлық трансфор­ма­циясының негізіне айналмақ. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-ді 14 пайызға арттыруы мүмкін. Бұл Қазақстан үшін де зор мүмкіндік. Мемлекет ЖИ-ді тек цифр­ландыру құралы ретінде емес, эконо­миканың драйверіне айналдыруға ниетті.

Қазір Қазақстанда Smart Data Ukimet плат­формасы арқылы 93 ақпараттық база бірік­тірілген. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді үйлестіріп, ЖИ алго­ритм­деріне қажетті деректер қорын қамтамасыз етеді. Осы арқылы деректерге негізделген шешім қабылдау жүйесі қалыптасып жатыр. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елі­мізде суперкомпьютерді орналастыру, дерек­терді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-опти­калық байланысты дамыту көзделген. Соны­мен қатар адами капиталдың өсуі үшін бір­қа­тар білім беру және акселерациялық бағ­дар­ламаларды іске асыру жоспарланған. Қа­зір 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 ба­ғытты енгізді. Осы мамандықтар бойынша пән­дерді 2 196 студент оқиды.

Халықтың цифрлық технологияны қабылдауы артып келеді

Иә, бұрын посткеңестік, ресурстарға бай экономика ретінде қарастырылып келген Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы цифрлық жаңғырудың алдыңғы қатарында тұр. Елдің стратегиясы енді тек финтех сала­сын­дағы серпінді дамумен шектелмей, мем­лекеттік қызметтерді кешенді цифр­лан­дыруды, бүкіл халықты кеңжолақты ин­тернетпен қамтамасыз етуді, ұлттық ЖИ экожүйесін қалыптастыруды және халы­қ­аралық стартаптармен ынтымақтастықты қамтиды.

Қазақстанның Оңтүстік Корея, Эстония және Дания сынды елдермен қатар БҰҰ-ның Онлайн Қызметтер Индексі (OSI) бойынша әлем­нің үздік ондығына енуі – үлкен жетіс­тік. 2024 жылғы БҰҰ-ның Электронды Үкі­мет­ті Дамыту Индексіне сәйкес, Қазақстан төрт сатыға көтеріліп, әлем бойынша 24-орын­ға шықты. Бұл көрсеткішпен ел Германия, Қытай және Аустралия сияқты ірі экономикалардан озды. ТМД елдері арасында Қазақстан цифрлық басқару бойынша көш бастап тұр.

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қыз­меттердің 92 пайыздан астамы онлайн форматта қолжетімді. Азаматтар eGov.kz ұлт­тық порталы мен eGov Mobile қосымшасы ар­қылы 1 200-ден астам электрондық қыз­метке қол жеткізе алады. Биылдың өзінде eGov Mobile қолданушыларының саны 1,1 миллионға артып, 11 миллион белсенді пайдаланушыға жетті. 2025 жылдың алғашқы жартысында 23 миллионнан астам цифрлық қызмет көрсетілді, олардың 45 пайызы смартфон арқылы орындалған. Бұл – Қазақ­станның «алдымен мобильділік» қағидатын ұстанатын цифрлық стратегиясының нақты нәтижесі.

Цифрландыру тек қолжетімділікпен шек­телмей, қызмет көрсету тәсілдері мен дерек­терді басқару үлгісіне де өзгеріс әкелді. Бүгін­де eGov экожүйесі қазақстандықтардың күн­делікті өмірінің ажырамас бөлігіне ай­нал­ды: бизнес тіркеуден бастап, денсаулық сақ­тау, құжаттарды жаңарту, сот органдарына өтініш беру сияқты барлық негізгі қызметтер осы жүйе арқылы орындалады.

Сонымен қатар eGov Mobile платформасы үнемі жаңартылып отырады: биометриялық сәйкестендіру, push-хабарламалар және Kaspi.kz секілді суперқосымшалармен интеграция жүргізілуде. Мемлекет пен жеке сек­тор цифрлық платформаларының ара­сындағы шекараны жойып, тұтас экожүйе қалыптастырып отыр.

2025 жылдың ортасына қарай eGov.kz пор­­талының тіркелген пайдаланушы­лары­ның саны 14,7 миллионнан асты. Соңғы бір жыл ішінде жаңадан 215 мың аккаунт тір­келді. Бұл – халықтың цифрлық сенімі мен технологияны қабылдау деңгейінің артып келе жатқанының айқын көрінісі.

Экожүйе һәм стратегиялық серпіліс

2024 жылы Қазақстан Жасанды интел­лектті дамыту тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжат – 2029 жылға дейінгі заңнамалық және стратегиялық негізді қалыптастырып, эти­калық қолдану, ұлттық стандарттар мен реттеу тетіктерін айқындайды. Қазір тұжы­рым­даманы нақты ұлттық ЖИ стратегиясына айналдыру жұмыстары жүріп жатыр. Стра­тегия ЖИ-ді денсаулық сақтау, білім беру, энер­гетика, мемлекеттік басқару және ғылым салаларына енгізуді көздейді.

Бұл бастаманың басты жетістігі – Ор­талық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютердің іске қосылуы еді. Сандық даму министрлігіне қарасты Tier III сертификатталған дата-орта­лықта орналасқан бұл ЖИ суперкластер ұлттық жасанды интеллект платформасына бірік­тіріледі. Ол университеттерге, стартап­тар мен жекеменшік компанияларға ашық әрі қауіпсіз түрде қолжетімді болады. Бұл – өңір­лермен біріктірілген есептеу қуатына тең­дессіз қолжетімділік.

Бұл экожүйені заңмен қолдау мақсатында Үкімет пен Парламент бірлесіп «Жасанды ин­тел­лект туралы» заң жобасын әзірлеп жа­тыр. Заң ЖИ технологияларын жасаумен не­месе пайдаланумен айналысатын мемле­кет­тік органдар, жеке тұлғалар және кәсіп­кер­лер арасындағы қатынасты реттейді.

Сонымен қатар Президент жанындағы Халықаралық ЖИ жөніндегі Консультативтік кеңес құрылуда. Кеңес ұлттық саясатты қ­а­лыптастырумен қатар, жаһандық ынты­мақ­тастықты нығайтуға бағытталған. Оның құ­ра­мына әлемнің жетекші сарапшылары, зерт­теушілері мен кәсіпкерлері енеді.

Кедергілер бар, бірақ серпін күшейіп келеді

Қазақстан кейінгі жылдары цифрлық са­лада үлкен жетістіктерге жеткенімен, бір­қатар құрылымдық мәселелер әлі де бар. М­ә­селен, финтех секторында нарықтың шо­ғырлануы, ауылдық жерлерде интернет бай­ланысының әлсіздігі, сондай-ақ жасанды интеллектке дайындық деңгейінің бастапқы сатыда болуы шешімін күткен өзекті мәсе­лелер.

Дегенмен Үкіметтің агрессивті цифрлық стратегиясы, институционалдық үйлестіруі және жеке сектордың белсенділігі бұл қиын­дықтарды еңсеруге толық мүмкіндік береді.

Бүгінде кеңжолақты интернетпен толық қамту деңгейіне таяп қалды. Жа­­­санды интеллект инфрақұрылымы ау­қым­ды түрде дамып келеді, ал стартап эко­жүйесі жаһандық аренаға шығып отыр. Мұ­ның барлығы Қазақстанның енді тек цифрлық трансформация жасап қана қой­май, Еуразиядағы цифрлық болашақты қалып­тастырып жатқанын көрсетеді.

Қазақстанның бұл бағыттағы табысы – жүйелі мемлекеттік саясат, халықаралық серіктестік, инновациялық білім және техно­логиялық инвестициялардың үйлесімді нәтижесі. Алда әлі де күрделі міндеттер тұр­ға­нымен, мемлекет цифрлық көшбасшылық жолынан таймай келеді.

Astana Hub-тың алар асуы алда

Astana Hub бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі ІТ хабқа айналды. Мұнда 1 300-ден астам стар­тап жұмыс істейді, олардың үштен бірі – шетелдік. Бұл Қазақстанның жаһандық цифрлы көшпенділер үшін тартымды елге айналғанының дәлелі. Telegram компания­сының Astana Hub резиденті атануы – осының айқын көрінісі. Қазақстандағы техно­логия­лық серпін стартаптар экожүйесінде де ай­қын байқалады. 2024 жылы қазақстандық стар­таптар 250 миллион АҚШ долларынан астам венчурлік инвестиция тартты. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда үш есе көп көр­сеткіш.

Мемлекет қолдайтын Astana Hub халықаралық технопаркі бүгінде 28 е­л­ден келген 1 300-ден астам стартапты бірік­тіріп отыр. Олар 1,2 триллион теңгеден астам кіріс және 140 миллиард теңгеден астам экспорттық табыс (шамамен 270,9 млн АҚШ доллары) өндірген. Стартаптарға салық жеңілдіктері, жеңілдетілген виза рәсімдері және ішкі-сыртқы капитал нарығына қол­жетімділік ұсынылған. 2025 жылы Telegram ресми түрде Astana Hub резиденті атанып, Қазақстан мен жаһандық BigTech арасында жаңа серіктестік кезеңі басталды. Қазақ­стан­дық стартаптар бүгінде АҚШ, БАӘ, Нидер­лан­ды, Ұлыбритания, Германия және өзге де ел­дердің нарығына шығып, әлемдік деңгейде мойындалып жатыр. Солардың қатарында Alaqan, Codiplay, CITIX, CEREBRA, OGames, Par­qour, ApartX сияқты жобалар бар. Codiplay – ерекше көзге түскен EdTech компаниясы. Ол мектеп оқушыларының цифрлық сауатты­лығын арттыруға бағытталған. Бүгінде ком­панияның нарықтық құны 100 миллион долларды құрап отыр. Codiplay шешімдері Ұлы­британия, Оңтүстік Корея, Сауд Ара­бия­сы, Түркия, Әзербайжан сияқты елдердегі 450-ден астам мектепте қолданылуда. Қазір жоба Қазақстан мектептерінде де енгізіле бас­тады. Осы қарқынды жалғастыру үшін Қа­зақстан Сауд Арабиясы, Сингапур және АҚШ-та халықаралық технопарктер ашуды қолға алды. Бұл шешім IT экспорты мен жаһан­д­ық серіктестікті дамытуға жаңа көпір салмақ. Стартаптар экожүйесінің өркендеуі Үкіметтің жүйелі қолдауы мен жеке венчурлік қорлар мен инвесторлардың белсенділігімен бай­ланысты. Биыл Қазақстан Qazaqstan Venture Group атты 1 миллиард долларлық венчурлік қорды іске қосты. Ол жасанды ин­теллектке негізделген стартаптарды қол­дауға бағытталған. Бұған дейін құрылған Astana Hub Ventures қоры да қазақстандық жә­не шетелдік стартаптарға қаржылық қол­дау көрсетуде.

Бұл ірі инвестициялар жаңа иннова­ция­лық толқынға, технологиялық жаңалықтарға жол ашып, елдің IT-экожүйесін нығайту ар­қылы ұзақмерзімді экономикалық өсімнің негізін қаламақ.

Цифрлық революция Қазақстанның еңбек нарығына да әсер етуде. 2024 жылғы де­­рекке сәйкес, елде 18 000-нан астам IT-ком­пания тіркеліп, 187 мың адам жұмыспен қам­тылған. Бұл – өткен жылмен салыс­тыр­ған­да 12 пайызға артық.

Tech Orda бағдарламасы бойынша 2029 жыл­ға дейін 20 мың жаңа IT маманын даяр­лау жоспарланып отыр. Бағдарлама негізінен же­ке IT мектептерде грант арқылы білім бе­ру­ге бағытталған. Мақсат – тек код жазатын ма­мандар емес, AI инженерлерінен бастап де­ректер талдаушыларына, өнім менеджер­леріне, киберқауіпсіздік сарапшыларына дейінгі кең профильді мамандарды қалып­тастыру. Қазір елде 18 өңірлік IT хабы жұмыс істеп, таланттарды анықтау мен өсіруге бел­сене атсалысуда.

KazLLM-нен Alem. AI-ға дейін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев KazLLM цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасын бұл бағыт­тағы маңызды қадам екенін атап өтті. «Қа­зақ­стан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хаб­тың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазір-дің өзінде бар. Мысалы, қа­зақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моде­лінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөй­лесе алатын жасанды интеллект. Осы ба­ғыт­тағы жұмыстар жалғаса береді. Жыл соңы­­на дейін жасанды интел-лектінің Alem.AІ атты халықаралық орталы-ғы ашылады. Бұл орталық инвестиция тарта-тын, әлемдік тәжірибені және иннова-цияларды енгізетін орынға айналуы керек», – деген еді Мемлекет басшысы.

Президент Тоқаев ерекше атап өткен Kaz­­LLM жобасы – қазақ тілінде ойлай ала­тын, талдау жасап, табиғи түрде сөйлесе ала­­тын жасанды интеллект. Бұл – ана тілі­міз­­дің цифр­лық кеңістікте кеңінен қол­да­нылуы­на жол ашатын тарихи жоба. KazLLM моделі қазақ тілінің грам­мати­калық және семан­тикалық ерек­шеліктерін ескеріп, тілдің да­муы­на үлес қосатын жаңа буын цифрлық құрал болмақ. Мұндай модельдер басқа ел­дер­де – мысалы, OpenAI-дың GPT-4, Meta-ның LLaMA, Google-дың Gemini моделдеріне ұқ­сас жасалады. Енді Қазақстан да осы са­ла­дағы жаһандық тренд-терден қалыс қалмай, өзі­нің ұлттық тілдік үлгісін қалып­тас­тыруда. Жыл соңына дейін ашылатын Alem.AI ха­лық­ара­лық орталығы – жасанды интеллект сала­сындағы ірі зерттеу, инвес­ти­ция және кооперация алаңы болмақ. Бұл ор­талық ин­вестиция тартуға, әлемдік тәжірибені енгізуге, отандық және шетелдік мамандарды бірік­тіруге, инновацияны коммерция­лан­дыруға жол ашады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, ЖИ технологиялары білім беруде – оқушылар мен студенттерге дербес оқу бағдарламаларын құ­растыру, медицинада – ауруларды ерте диаг­ностикалау, деректер арқылы емдеу әдіс­терін жетілдіру, өнеркәсіпте – өндіріс про­цесін автоматтандыру, ақауларды болжау, мем­лекеттік басқаруда – шешім қабылдауда дерек­терге негізделген талдау жасау секілді салаларда енгізілмек.

KazLLM жобасы мен Alem.AI орталығы – Қазақстанның цифрлық болашаққа батыл қадам жасағанының дәлелі. Жасанды интел­лект тек технологиялық даму ғана емес, тілі­мізді, мәдениетімізді, экономикамызды жә­не басқару жүйемізді жаңа деңгейге кө­тере­тін күш.

Қазақстан жасанды интеллект (ЖИ) саласында аймақтық көшбасшы болуға ұмтылып, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар мен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға кірісті. 2024-2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасы қабылданып, елдің цифрлық болашағын айқындайтын стратегиялық бағыттар белгіленді. Қазақстанның ЖИ дамыту тұжырымдамасы 2029 жылға дейін 5 миллион адамға ЖИ дағдыларын үйрету, 500 мың салалық маман даярлау, жыл сайын экономиканың түрлі салаларында кемінде 25 ЖИ өнімін енгізу, IT экспортын 5 миллиард долларға дейін ұлғайту секілді мақсаттарды көздеп отыр. Бұл мақсаттар елдің цифрлық әлеуетін арттыруға және ЖИ технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен стратегиялық көзқарас елімізді Еуразия кеңістігінде ЖИ технологияларының көшбасшысына айналдыруы әбден мүмкін.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары