Өткен аптада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ресейдің бастамасымен өткен Украина мәселесіне арналған отырыс халықаралық қауымдастықтың назарын тағы да Шығыс Еуропадағы шиеленіске аударды. Бұл жолы АҚШ-тың атынан сөз сөйлеген БҰҰ жанындағы өкілі Джон Келли Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келісімнің 8 тамызға дейін жасалуға тиіс екенін мәлімдеді. Мұндай мерзім белгілеу жаһандық дипломатияда сирек кездесетін жайт және бұл халықаралық алаңда бірнеше маңызды сұрақ тудырды.
Бейбітшілікке шақыру ма, саяси ультиматум ба?
Келлидің сөзіне қарағанда, Вашингтон бұл процесті жеделдетуге мүдделі және «қосымша шаралар қолдануға дайын». Бұл мәлімдеме, бір жағынан, бейбітшілікке шақыру болғанымен, бұл үндеудің саяси сипатқа да ие екенін аңғаруға болатындай. АҚШ президенті Трамптың бұл мәселеге тікелей ықпал етуді қалайтыны байқалады.
Бейбіт келісімнің шарттары, мазмұны мен механизмдері айтылмады. Бұл жағдай ұсыныстың мазмұнынан гөрі, оның мерзімі мен мақсатына көп көңіл аудартты.
Ресей: Батыс саясаты – басты кедергі
Ресейлік тарап, атап айтқанда БҰҰ жанындағы өкіл Дмитрий Полянский, отырыстың бастамашысы ретінде Батыс елдерін дипломатиялық шешімге кедергі келтіріп отыр деген ой айтты. Оның пікірінше, Украинадағы дағдарыс – Батыстың ұзақ жыл бойы Ресейдің қауіпсіздік мүдделерін елемеудің салдары.
Полянский Мәскеудің диалогқа дайын екенін айтып, Батыс елдерін «тыйым салу емес, ынтымақтастық жолын таңдауға» шақырды. Бұл мәлімдеме Кремльдің бұрыннан айтып келе жатқан риторикасымен үндес – яғни, Украина мәселесі – Ресей мен Батыс арасындағы геосаяси текетірестің нәтижесі.
Қытай ұстанымы
Қытай тарапы жасаған мәлімдеме де ерекше назарға ие болды. Елдің БҰҰ жанындағы өкілі Гэн Шуан Бейжің мен Мәскеу арасындағы экономикалық байланыстарды сынауға негіз жоқ екенін айтты. Ол тіпті Украина мен Ресей арасындағы сауда көлемін салыстырып, АҚШ-тың өз сауда байланыстары әлі де жалғасып жатқанын еске салды.
Бұл мәлімдеме Қытайдың Батыс санкцияларына іштей қарсы екенін және көпполярлы әлемді қолдайтынын аңғартады. Алайда бұл ұстаным Пекиннің ресми бейтараптығына қаншалықты сәйкес келетіні – тағы бір ашық сұрақ.
Украина: Бұл – Кремльдің амбициясы үшін соғыс
Украиналық дипломат Кристина Гайовишина отырысты «моральдық тұрғыда жиіркенішті» деп бағалады. Оның айтуынша, бұл соғысты Ресей «орыстілділерді қорғау үшін емес, Кремльдің империялық амбицияларын жүзеге асыру үшін» бастап отыр.
Гайовишина соғыстың авторитарлық режимнің өмір сүруі үшін қажет екенін айтты.
Мәскеу – Батысты, Киев – Мәскеуді, Бейжің Вашингтонды айыптайды. Бірақ бейбіт келісімге тек айыптау арқылы емес, өзара сенім мен нақты компромисстер арқылы ғана қол жеткізуге болады. Ал қысқа уақытта мұндай сенім қалыптасу ықтималдығы өте төмен.