Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен қолға алынған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жалғасып келеді. Іс-шараға партия мүшелерімен қатар, жастар, еріктілер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен белсенді тұрғындар белсене қатысады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Абай облысы Жарма ауданында өткен тазалық жұмыстары Калбатау ауылдық округінің аумағында жүргізілді. Ауыл ішіндегі аулалар мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылып, нәтижесінде 2,5 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық арнайы техника көмегімен шығарылды.
Ақмола облысы Жақсы ауданында «Таза бейсенбі» акциясы шеңберінде ауыл тұрғындары игі іске жаппай атсалысты. Ер азаматтар шөп шауып, оны жинап шығарса, әйелдер ағаштарды әктеп, қақпаларды сырлады. Иесіз қалған үйлердің маңы да тазартылып, барлық қоқыс ауыл сыртына жеткізілді.
Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданында өткен экологиялық акциямен қатар, Казталов ауданында «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы шеңберінде тыл ардагерінің үйінде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Жастар мен еріктілер ардагердің ауласын ретке келтіріп, қураған шөптерді жұлып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты.
«Таза бейсенбі» акциясы аясында тек қоршаған орта мен ауылымыздың тазалығын ретке келтіріп қана қоймай, мәдени тарихи жерлерді де басты назарда ұстауымыз керек.Бұл – біздің парызымыз», - деді акцияға қатысқан ауыл тұрғыны Дариға Сейітова.
Алматы қаласы Медеу ауданында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Есентай өзенінің маңында ұйымдастырылды. Қатысушылар тұрмыстық қалдықтар мен сынған бұтақтарды жинап, табиғи ландшафтты сақтауға назар аударды. Экологиялық іс-шараға мәслихат депутаты, медицина қызметкерлері мен еріктілерден құралған 40-қа жуық адам қатысты. №2 қалалық емхананың ұжымы акцияға апта сайын атсалысып жатқанын жеткізді.
«Бұл бастама — тек санитарлық тазалық емес, ол экологиялық жауапкершілікті арттырып, тұрғындарға табиғатты аялау идеясын жеткізудің бір жолы. Емхана ұжымы апта сайын белсенді түрде қатысып, ұйымшылдықты нығайтып келеді. Мұндай іс-шаралар болашақ ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалыптастырудағы ортақ жауапкершілігімізді жүзеге асыруға сеп болады», – деді №2 қалалық емхананың директоры Тоғжан Сағынышқызы.
Жетісу облысы Ақсу ауданында «Таза бейсенбі» акциясы тұрақты дәстүрге айналған. Бұл жолы 5 тоннадан астам қоқыс жиналып, саябақтар, жол жиектері мен қоғамдық орындар тазартылды. Акцияға 40-тан астам адам қатысты. Аудандық партия филиалының төрағасы «Таза бейсенбі» – экологиялық мәдениетті қалыптастырудың бір жолы екенін атап өтті.
Экоакция Қарағанды облысы Балқаш қаласында да жалғасын тапты. Тазалық жұмыстары көлдің жағалау аумағында өтті. Игі іске студенттер, белсенді жастар, партия мүшелері мен депутаттар қатысты. Бірлескен еңбек нәтижесінде жағалаудың экологиялық жағдайы жақсарды. Партияның аудандық филиалының төрайымы мұндай жұмыстардың маңызы зор екенін атап өтті.
«Мұндай тазарту жұмыстары экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, адамдарды ортақ мақсатқа біріктіруге ықпал етеді. Бұл — әрбір азаматтың қаламыздың таза әрі жайлы болашағына қосқан үлесі», — деді Балқаш қаласындағы партияның аудандық филиалының төрайымы Енлік Жүкенова.
Қызылорда облысы Сырдария ауданында «Тағзым» және орталық алаңда тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияға партия мүшелерімен қатар, «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері мен қоғам белсенділері қатысып, алаңды шөп пен қоқыстан тазартты.
«Осы жылдың өзінде ауданымызда бірнеше экологиялық акциялар мен ағаш отырғызу шаралары ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары апта сайын өткізілуде. Біздің әрқайсымыз табиғатқа деген жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Таза ауа, жасыл желек пен таза су – біздің келешегіміз. Осы байлықты сақтап қалу үшін бәріміз қоршаған ортаны қорғауымыз қажет»,– деді «Жастар Рухы» Жастар қанаты Сырдария аудандық филиалының төрағасы Нұржан Сейтжан.
Павлодар облысында «Таза бейсенбі» акциясы Тереңкөл ауданындағы Ертіс өзенінің жағалауында ұйымдастырылды. Қатысушыларға арнайы қоқыс қаптары мен құралдар беріліп, бірнеше сағат бойы тазалық жұмыстары жүргізілді. Жиналған қоқыс полигонға жеткізілді. Аудандық филиалдың атқарушы хатшысы мұндай шаралардың жастардың өмір салтына айналуы маңызды екенін айтты.
Алматы облысы Қонаев қаласында «Жастар рухы» белсенділері Абай Құнанбайұлының бюст-ескерткішін жуып, айналасын тазартты. Тарихи нысанға ерекше назар аударылып, оның тұғырына түсірілген жазулар мен бояулар тазартылды.
«Абайдың тас мүсініне тас жүрекпен қарауға болмайды. Біреулер тұғырына жазу жазып, бояп кеткен. Бұл – бір адамның емес, бір ұрпақтың деңгейі көрінетін жер. Қолымызға шүберек алып, ысқылап, жуып шықтық. Бірақ мәселе бояуда емес. Мәселе – санада», – дейді белсенді Меруерт Тілек.
Сонымен қатар белсенділер қаланың жағалау аймақтары мен жалғызбасты қариялардың аулаларында да тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
«Таза бейсенбі» акциясы басталғалы бері елімізде 1000-нан астам ластанған аумақ тазартылып, қалпына келтірілді. Су қоймаларының, өзендер мен көлдердің жағалауларында санитарлық жұмыстар жүргізіліп, қоқыстар жиналды. 100-ден аса су айдыны қамтылды. Олардың қатарында Каспий теңізінің жағалауы, Балқаш пен Зеренді көлдері, Кеңгір су қоймасы, Ертіс, Нұра, Есіл, Талас өзендері және басқа да су ресурстары бар. Жалпы экоакцияға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.