Алматы облысында тау-кен және туризм саласындағы ірі инвестициялық жобалар таныстырылды

Алматы облысында тау-кен және туризм саласындағы ірі инвестициялық жобалар таныстырылды
gov.kz

ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айбол Арғынғазинов пен Премьер министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Бақтияр Мәкен жұмыс сапарымен Алматы облысының Кеген ауданына барды.

Сапардың мақсаты – жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысу және туризм, энергетика мен өңдеу салаларындағы жаңа бастамаларды талқылау. Бағдарлама аясында жұмыс істеп тұрған және әлеуетті инвесторлармен кездесулер өтті, сондай-ақ жобалар жүзеге асырылып жатқан нысандарға бару ұйымдастырылды.

Сапар аясында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының және жергілікті бизнес өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Онда мемлекеттік қолдау шаралары мен ауданның инвестициялық әлеуеті талқыланды. Қатысушылар жобаларды жүзеге асыру кезінде туындайтын өзекті мәселелермен бөлісіп, оларды шешу жолдарын ұсынды. Диалог инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік берді.

Сапар барысында Ғ.Оспанқұлов пен А.Арғынғазинов бірқатар инвестициялық жобалармен танысты. Солардың бірі – «Слава Мунай Сервис» ЖШС-тың 40 млрд теңге көлемінде инвестиция салу арқылы тау-кен байыту комбинатын салу жобасы. Жоба кен өндіруден бастап соңғы өнімге дейінгі өндірістік тізбекті құруға және өңірдің экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 2026 жылы іске қосу жоспарланған «Compass» жол бойындағы қызмет көрсету кешені таныстырылды. Жобаның инвестиция көлемі – 2,8 млрд теңге, кешен жылына 800 мыңға дейін жолаушыны қабылдай алады.

Сонымен қатар «ASK Capital» ЖШС ұсынған Қара каньон маңындағы туристік аймақты дамыту бастамасы таныстырылды. Жоба аясында шыны көпір, ұзындығы 420 м зиплайн, глэмпинг және басқа да туристік инфрақұрылым салынады. Жалпы инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңге, кешен жылына 150 мыңға дейін турист қабылдай алады.

Бұдан бөлек «Компания Строй Индустрия» ЖШС бастамашылық еткен Көлсай көлдері арасындағы аспалы жол салу жобасы талқыланды. 15 млрд теңге көлеміндегі инвестиция қарастырылған. Бұл жол екі көлді байланыстырып, жылына 500 мыңға дейін турист тартуға мүмкіндік береді. Жоба Кеген ауданының туристік әлеуетін арттырып, ішкі және сыртқы туристер санын көбейтуге ықпал етеді.

Сапар соңында жобаларды одан әрі сүйемелдеу және әкімшілік кедергілерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Инвестицияларды тарту жұмысы жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен үйлестіру арқылы жалғасын табады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары