Сарапшы: БҰҰ-ның Алматыдағы орталығы күрделі мәселелерді тең дәрежеде талқылауға мүмкіндік береді

/
Сарапшы: БҰҰ-ның Алматыдағы орталығы күрделі мәселелерді тең дәрежеде талқылауға мүмкіндік береді
Akorda

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің ұйымның Бас Ассамблеясының 80-сессиясы қарсаныңда Алматыға сапары – Қазақстанның халықаралық аренада маңызды делдал мен серіктес ретіндегі мәртебесін мойындайтын дипломатиялық белгі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Темірлан Әбуғали айтты.

 «Гутерриш мырзаның өзі атап өткендей, Қазақстан Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын дипломатиялық көпір қызметін атқарады. БҰҰ мүшесі болған 32 жыл ішінде еліміз көпжақты дипломатияны ілгерілету, қарусыздану, терроризмге қарсы күрес және тұрақты дамуды қолдау сияқты БҰҰ-ның іргелі құндылықтарына зор назарбөлгендігін бірнеше рет дәлелдеді.

Сапардың басты оқиғасы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі өңірлік орталығын Алматыда ашу туралы хост-келісімшартқа қол қою болды. Бұл Орталық Азия мен БҰҰ арасындағы әріптестікті тереңдетудің кезекті кезеңі ғана емес, сонымен қатар аймақтың жаһандық саясаттағы стратегиялық маңыздылығының артуының бірден-бір көрсеткіші саналады. Мұндай орталықтың Алматыда орналасуы – еліміздің сенімді, тұрақты және сындарлы халықаралық әріптес ретінде қабылданатынын білдіреді.

Осылайша, Бас хатшының сапары символдық қадам ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның жауапты халықаралық ойыншыретіндегі позициясын нығайту жолындағы нақты практикалық қадам болып табылады. Бұл еліміздің ұлттық басымдықтарын БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары сияқты жаһандық күн тәртібімен үйлестіруге қабілетті екендігін көрсетеді», – деді срапашы.

Оның айтуынша, Антониу Гутерриш Қазақстанды «бейбітшілік пен диалог символы» деп баға беруінің маңызы зор.

 «Қазақстан халықаралық аренада бейбітшілік, тұрақтылық және сындарлы диалогты нығайтуды үнемі жақтап келеді. Еліміз бұл құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған нақты бастамалардың бастамашысы әрі белсенді қатысушысы.

Ең маңызды жетістіктердің бірі – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанға мұраға қалған қауқары бойынша әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы. Содан бері еліміз ядролық қарусыздану мен таратпау ісінің дәйекті жақтаушысы ретінде танылып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың тағы бірі –МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін Өскеменде орналастыруы. Бұл бастама жаһандық ядролық қауіпсіздік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосты.

Қазақстан сонымен қатар көпвекторлы сыртқы саясатты табандылықпен жүзеге асырып келеді. Біздің еліміз Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ елдері, Үндістан, Түркия, Иран және басқа да негізгі халықаралық серіктестермен сенімді әрі өзара құрметке негізделген қатынастар орнатқан. Мұндай теңгерімді дипломатия Қазақстанға халықаралық дағдарыстарды реттеуде делдал рөлін атқаруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Астанада Сириядағы бейбіт процестің бірнеше раунды өтті, ал Алматыда Иранның ядролық бағдарламасына қатысты екі келіссөз раунды ұйымдастырылды.

Оған қоса, Қазақстан өңірлік тұрақтылыққа ерекше мән береді. Осы тұрғыда еліміздің Ауғанстанмен орнатқан прагматикалық қарым-қатынасын атап өту керек. Гуманитарлық және білім беру көмегін ұсына отырып, сондай-ақ Ауғанстанды бүкіл өңір үшін маңызды мәселелерді талқылауға тарту арқылы Қазақстан бұл елдің оқшаулануын және радикалдануын болдырмауға үлес қосуда. Мұндай ұстаным Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның бейбітсүйгіш әрі жауапты мемлекет ретіндегі халықаралық беделін арттыра түсуде»,  – деді Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Темірлан Әбуғали.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары