Ақтаудағы қоғамдық дәретхана еденінде ұйықтаған балаларға қатысты әкімдік өкілдері түсінік берді

/
Ақтаудағы қоғамдық дәретхана еденінде ұйықтаған балаларға қатысты әкімдік өкілдері түсінік берді
Фото: lada.kz

Ақтау әкімдігі қоғамдық дәретхананың еденінде ұйықтаған балалардың жағдайына қатысты түсінік берді. Бұған дейін қала тұрғындары жағалауда орналасқан қоғамдық дәретханалардың бірінде еденде балалар ұйықтап жатқанын, ал кассир алкогольге мас күйде болғанын көргенін айтқан, деп хабарлайды turkystan..kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, 4 тамызда әкімдік өкілдері хабарламаны тексеріп, балалардың жағдайымен танысу үшін оқиға орнына барған. Нәтижесінде балалар әлеуметтік бағдарлама бойынша бірнеше жылдан бері мемлекеттен көмек алып жүрген отбасында тұрып жатқаны белгілі болды.

"Балалардың анасы – жалғызбасты, бұрын жетім ретінде үй кезегіне тұрып, тұрғын үй алған. Отбасы сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алады. Балалардың әжесі осы қоғамдық дәретханаға ресми түрде кассир болып жұмысқа орналасқан. Белгілі болғандай, анасы бірнеше күн бұрын балаларды әжесінің қолына қалдырған", - дейді әкімдік өкілдері.

Ведомство қызметкерлері балалар тіркеуде тұрған мекенжайға барып қайтқан.


instagram.com
favicon
Перейти
"Пәтердегі тұрмыстық жағдай қатты алаңдаушылық туғызды: антисанитария, есіктері сынған, балаларға көңіл бөлінбеген. Ол кезде балалар тіркелген мекенжайда емес, туыс әпкесінің үйінде болған", - дейді әкімдік өкілдері.

Балалардың туыс әпкесі де жетім бала ретінде мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алған.

"Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметкерлері тексеру және отбасына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Балалардың анасы балалардың күтімі мен тәрбиесін өз мойнына алуға дайын екенін ресми түрде мәлімдеді. Қамқоршылық органдары балаларды аптаның соңына дейін уақытша бақылауға алды. Балаларға қамқорлық жасау міндетін тиісінше орындамау фактілері анықталған жағдайда, қала әкімдігінің тарабынан мәселе қаралады", - деді олар.

Ақтау әкімдігі мемлекет тарабынан отбасына қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті: баспана берілді, әлеуметтік төлемдер тағайындалды, негізгі қызметтер отбасына қолжетімді.

"Алайда берілген барлық ресурсқа қарамастан бұл отбасының бірқатар өкілі балаларға теріс әсер ететін асоциалды (маргиналды) өмір салтын ұстанып келеді. Біз азаматтарды ата-аналық және отбасылық міндеттерге жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Мемлекеттің көмегі –қолдау, бірақ ол жеке жауапкершілікті алмастыра алмайды", - деді Ақтау әкімдігі өкілдері.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары