Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Монреаль қаласында өтіп жатқан беделді WTA 1000 санатындағы хард турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ширек финалда әлемдік рейтингте 12-орында тұрған Рыбакина 28-орындағы украиналық Марта Костюкпен кездесті. Ойын мерзімінен бұрын аяқталды – Костюк оң білегіндегі ауырсынуға байланысты екінші сет басталған соң кездесуді жалғастырудан бас тартты.
Елена бірінші сетте сенімді жеңіске жетіп, 6:1 есебімен ұтты, ал екінші сетте 2:1 есебімен алда келе жатқанда қарсыласы ойынды тоқтатты. Жалпы теннисшілер алаңда 57 минут өткізді. Осы уақыт ішінде қазақстандық бір қос қателік жіберіп, 11 брейк-пойнттың үшеуін жүзеге асырды.
Бұл Елена үшін Монреальдағы WTA 1000 турнирінің жартылай финалына екінші рет шығуы. Келесі кездесуде ол әлемдік рейтингте 85-орында тұрған канадалық Виктория Мбокомен ойнайды.