«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Тараз қаласындағы жылу жүйесін жаңарту жұмыстарын қадағалады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Комиссия мүшелері Жамбыл даңғылы бойындағы (Төле би даңғылы мен Қазыбек би көшесінің аралығы) құрылыс жұмыстарын аралап, құбыр жүйесін салу барысымен танысты. Бүгінде аталған аумақта 340 метр астыңғы лоток пен құбырлар төселген. Бұл жұмыс биыл 14 маусымда басталды. Мердігер компанияның мәліметінше, жұмысты қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда.
Аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен бөлінген қаржының 30%-ы (27,5 млн тг), республикалық бюджеттен қарастырылған қаражаттың 19,7 пайызы (162,8 млн тг) аванс ретінде төленді. Алайда, мамыр айына жоспарланған республикалық трансферттің түспеуіне байланысты, 85 млн теңге берілген жоқ. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген 55,4 млн теңге қайта алынуына байланысты, қалалық бюджетке өтінім берілді.
«Қазірде құбырлары ауыстырылып жатқан көше бойында көлікпен жүру қиындады. Қала орталығына жақын көше болғандықтан кептеліс те көбейді. Тұрғындардың қазірге талап-тілегі – Төле би және Қазыбек би көшелеріндегі жұмыстарды барынша тезірек аяқтап, асфальт жабындысын төсеу. Одан бөлек, шағын бизнес ошақтарының да жұмысы осы жолдың қазылуына байланысты тоқтап тұр», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Жұмахан Тәңкебаев.
Бұл жұмыс алдағы уақытта да партия назарында болады.