77 жастағы павлодарлық Тамара Суслова өмірінде үш рет онкологиялық дертке шалдығып, оны сәтті жеңе білген жан, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Алғаш рет Тамара Сусловаға қатерлі ісік диагнозы осыдан 20 жыл бұрын қойылған. Ол кезде зейнеткер сүт безінің сирек кездесетін Педжет ауруына шалдыққан. Алайда Тамара Суслова бұған мойымай, белсенді өмір сүрген. Сол уақытта оған дертінен айығу үшін мастэктомия жасалып, 10 курс сәулелік терапия жүргізілген.
Кейін тоқ ішектің қатерлі ісігі ерте сатысында анықталып, сәтті алып тасталған. Ем химиотерапиясыз өткен.
Арада он жыл өткенде Тамара Сусловадан асқазан қатерлігі ісігінің III сатысы анықталған. Павлодарлық дәрігерлер зейнеткерге операциядан бас тартуға кеңес берген, ал химиотерапия ол үшін тым ауыр өтетіндей көрінген. Тамара Суслованы қызы Кореяға алып кеткен. Алайда ол жақта бір курс терапияның өзі тым қымбат тұрғандықтан, Қазақстанға оралған соң қызы ем жолдарын әрі қарай іздестіре бастаған.
Анасын моралдық тұрғыда қолдап, оны түрлі шипалы орындарға апарып жүрген. Десе де зейнеткер Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығынан еміне шипа тапқан.
"Пациент бізге үшінші онкологиялық диагнозбен, яғни асқазанның қатерлі ісігімен келді. Бұған дейінгі екі ауру да сәтті емделген. Келген кездегі жағдайы жақсы болды, онкология бар деп айта алмайсың. Өте позитивті адам, өмірге құштар. Диета сақтайды, тәртіпті пациент", - дейді ҰҒОО абдоминалды хирургия секторының аға ординаторы Алтай Керімқұлов.
Дәрігерлер науқасқа HIPEC – гипертермиялық ішперделік химиотерапия технологиясын қолданып операция жасау туралы шешім қабылдаған. Операция сәтті өтіп, 11 күннен кейін пациент ауруханадан шығарылған.
Химиотерапия оң нәтиже беріп, ісіктің ішінара кері дамуы байқалған. Зейнеткерге иммундық химиотерапияның қайталама курстары тағайындалған.
"Қазіргі таңда біздің медицинаның деңгейі барлық көмек түрін көрсетуге толық мүмкіндік береді. Бұл үшін шетелге шығудың қажеті жоқ. Кореядағыдай емді біз де ұсына аламыз", - дейді онкохирург.
HIPEC (Hyperthermic Intraperitoneal Chemotherapy) – жоғары технологиялы емшара, оның барысында операция кезінде іш қуысына қыздырылған химиопрепарат ерітіндісі енгізіледі. Ол шамамен бір жарым сағат бойы айналып, көзге көрінбейтін ісік қалдықтарын жояды. Бұл әдіс Қазақстанда алғаш рет ҰҒОО-да енгізілген және пациенттерді емдеуде табысты қолданылып келеді.