Ұлттық банк алаяқтарға қатысты маңызды ескерту жасады

/
Ұлттық банк алаяқтарға қатысты маңызды ескерту жасады
Ұлттық банк. Фото: nationalbank.kz

Қазақстан Ұлттық банкі "дропперлердің" төлем карточкалары арқылы жасалатын алаяқтық схемалар көбейгенін мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық банктің мәліметінше, кейінгі кезде жастар мен зейнеткерлерді алдап соғу жиілеп кетті. Олардың кейбірі саналы түрде, ал кейбірі білместіктен түрлі алаяқтық схемаларға араласып кетеді.

Нақтырақ айтқанда, ақшалай сыйақы алу үшін өздерінің банк карталарын үшінші тұлғаларға беріп, ұрланған қаражатты басқа шотқа аудару мен қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк шоттарын ашып, "дропперлерге" айналып жатыр.

"Теріс пиғылды адамдар жастарды немесе зейнеткерлерді іздеп, оларды заңсыз қаржы операцияларына тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджер мен басқа да цифрлық платформаларды белсенді түрде пайдаланады. Алаяқтар оңай және жылдам табыс түсетініне уәде беріп, банк картасын ашуды және оның алдыңғы жағындағы 16 таңбалы нөмірді, жарамдылық мерзімін, үш таңбалы CVV/CVC кодын, сондай-ақ қосымшаға кіру деректерін, яғни картаның барлық реквизитін беруді сұрайды. Қаскөйлер деректерді қолға түсіргеннен кейін өздерінің заңсыз қаржы операцияларын жүргізеді, соның ішінде алаяқтық жолмен иемденген ақшаны шығарып алады", - дейді Ұлттық банк өкілдері.

Олар Қылмыстық кодекске сәйкес дропперлік схемаларға араласқандар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарға банк карталарын және олардың реквизиттерін, соның ішінде мобильді банкинг қосымшасына кіруге арналған деректерді ешкімге бермеуге, сақ болуға және оңай табыс табуға уәде бергендерге сенбеуге, күмән туындаған кезде банк өкілдерімен кеңесуге, ал банк картасы жоғалған жағдайда оны дереу бұғаттап, бұл туралы банкке хабарлауға кеңес береді.

"Егер сізге банк картасын сатып алу немесе үшінші тұлғаларға беруге қатысты күмәнді ұсыныстар түссе, дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынамыз", - делінген хабарламада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары