Елімізде балалар мен жасөспірімдердің спортқа ерте араласуын реттеу мақсатында жаңа талап енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Туризм және спорт министрінің бұйрығына сәйкес, 45 спорт бағытын қамтитын 146 түрлі спорт жарысына қатысудың ең төменгі жас шегі бекітілді. Бұл норма 2025 жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енеді.
Жаңа ереже олимпиадалық спорт түрлерін де қамтиды. Мәселен:
* академиялық есуге 10 жастан,
* әртістік жүзуге 7 жастан,
* бадминтонға 6 жастан,
* баскетболға 8 жастан,
* батут гимнастикасына 5 жастан бастап қатысуға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ:
* бокста, велоспортта және велотректе жарыстарға қатысу жасы 13,
* еркін күрес — 10 жас,
* гольф пен футбол — 8 жас,
* жеңіл атлетика — 9 жас,
* жүзу мен үстел теннисі — 7 жас болып бекітілді.
Қауіпсіздік пен физикалық дайындыққа ерекше мән берілетін ат спорты мен оқ ату — 12 жастан, ал скейтбординг пен сноубордқа — 9 және 7 жастан бастап қатысуға мүмкіндік бар. Спорттық гимнастика мен құзға шығу жарыстарына ең ерте — 5 және 6 жастан бастап қатысуға болады. Шайбалы хоккей — 8 жастан басталады.
Бұл бастама балалардың жасына сай дайындығын қамтамасыз етіп, спорттағы жарақаттың алдын алу және кәсіби дамуды жүйелеу мақсатында қабылданды.