Шымкентте қайтарылған активтер есебінен ерекше оқытуды қажет ететін оқушылар білім алатын колледж жатақханасының құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.
Прокуратураның мәліметінше, аталған әлеуметтік нысан 300-ге жуық сөйлеу және кемістігі бар оқушыларды заманауи жайлы жатын орынмен қамтамасыз етуге бағытталған.
"Жатақханада оқушыларға қажетті барлық жағдайлар жасалған медицина кабинеті, спортпен жаттығу, тынығу бөлмелері бар. Қазіргі уақытта ғимараттың қабырғасын өру жұмыстары жүргізілуде.
Жобаны желтоқсан айында аяқтап, қалалық Білім басқармасына пайдалануға тапсыру жоспарланған.
Жобаны жүзеге асыру мерзімі мен құрылыс жұмыстарының сапасы бақылауда.
Халықтың өмір сүруін жақсартуға тікелей әсер ететін жайлы жағдай жасау мақсатында қайтарылған активтерді ел игілігіне жұмсау жұмыстары жалғасуда", - делінген жазбада.