World Boxing әлем кубогінде жеңімпаз атанған маңғыстаулық боксшы Бекзат Нұрдәулетовке құрмет көрсетілді, деп хабарлады turkystan.kz тілшісі.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғаған спортшыға облыс әкімінің атынан алғыс білдірді.
«Облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлы жастарға, әсіресе спорт саласындағы талантты өрендерге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бүгін де өңір басшысының атынан жерлесіміз, Бекзат бауырымызды арнайы құттықтап келіп отырмыз. Жалпы, Маңғыстау тарихында шаршы алаңда ел абыройын асқақтатқан талай мықты спортшылар мен білікті бапкерлеріміз жетерлік. Бекзат бауырымыз да сол саңлақтардың лайықты ізбасары. Қазақ боксы бүгінде әлемдік аренада өзіндік орны бар спорт түріне айналды. Жеңіс ешқашан оңайлықпен келмейді. Оған жету үшін маңдай терді төгіп, уақытты сарп етіп, осы жолда еңбек ету керек. Болашақта үлкен жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Олимпиада төрінде топ жарып, еліміздің атын тағы да асқақтата беріңіздер», - деді Әбілқайыр Байпақов.
Шарада жарыс жеңімпазының осы жетістігіне үлкен үлес қосқан бапкері Жолдасов Абу да қаржылай сыйақымен марапатталды.
Айта кетейік, Бекзат Нұрдәулетов 30 маусым мен 6 шілде аралығында елордада өткен Әлем кубогының кезеңдік турнирінде үш бірдей қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, топ жарған болатын. Ширек финалда Ұлыбритания өкілі Лачлан Лаусоннан, жартылай финалда түркиялық Самет Ерсойдан 5:0 есебімен басым түсті. Финалда үндістандық Жугно Жугномен өткен шешуші жекпе-жекте де төрешілер бірауыздан жеңісті қазақ боксшысына берді.
Бұдан бөлек, боксшы 2019 жылы әлем чемпионатында алтын медаль иеленген. Өткен 2024 жылы да ол Таиландта өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.