Қаланың әр жерінде мектеп жәрмеңкелері ашылып, жаңа оқу жылына қызу дайындық басталатын жаздың соңғы айына 1 апта уақыт қалды. Сондықтан BAQ.KZ тілшісі Астаналық базарға барып оқушыларға арналған киімдер мен кеңсе тауарларының бағаларын біліп қайтты.
Биылғы бағалар қандай, бір баланы мектепке дайындауға қанша ақша керек, жаңа оқу жылына киім мен кеңсе тауарларын қай кезде алған тиімді және ақшаны қалай үнемдеуге болады? Бұл сұрақтардың жауабын төмендегі материалдан біле аласыз.
15 жыл киім сатумен айналысып келе жатқан Нұрсұлтан Молдақасов оқушыларға арналған киімдер жыл сайын шамамен 500-1000 теңгеге қымбаттайтынын айтты.
Мына тенниска 2022 жылы 3500 теңге, 2023 жылы 4000 теңге, 2024 жылы 4500 теңге болды. Биыл да 4500 теңге. Өйткені біз алдын ала алып қойдық. Ал қазір әкеліп жатқан тауарлар одан сәл қымбат. Бұл жерде 2 апта, 10 күннің өзі рөл ойнайды. Жыл сайын киімдерге 500-1000 теңге қосылады, - деді сатушы.
Біз одан, ең алдымен, ұлдарға және қыздарға арналған ақ жейделердің бағасын сұрадық.
Ұл балаға ақ жейделер минимум 5000-нан басталады. Жібек жейделер – 9500 теңге. 49 пайыз бамбук, вискозасы ары кетсе 24 пайыз құрамында табиғи матаның үлесі көп жейделер 14 500 тг-ге дейін барады. Ал қыздардың жейделері минимум 7000-нан 15500 тг-ге дейін, - деді Нұрсұлтан.
Ол қыздарға арналған жейделердің түрлері ұлдардікіне қарағанда әлдеқайда көп екенін атап өтті.
Бізде қыздарға арналған жейделердің 18-19 түрі бар. Ұлдар көбіне классикалық ақ немесе көк жағалы жейде түрін алады. Ал қыздар оверсайз, жазуымен, жазусыз, тастарымен, галстукпен, галстуксыз түрлерін алады. 1-3 сынып аралығындағы қыздар көбіне стандартты үлгіні таңдаса, 4-9 сынып аралығындағы оқушы қыздар көбіне оверсайз жейделер киеді, - дейді сатушы.
Нұрсұлтан Молдақасов ата-аналарды киім таңдағанда брендтің атауы жапсырмасында қалай жазылғанына мән беруге шақырды.
Мысалы көпшілік Түркия деп ойлайтын Қытайдан шығатын Deloras деген киім бренді бар. Егер киім жапсырмасында Daloras деп жазылса, ол реплика, яғни бренд көшірмесі. Бастысы – киім брендінің оригинал екеніне көз жеткізу. Ал оның бағасы қаланың әр жерінде әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы бізде 9500 теңге тұратын Deloras жейдесін сол жағалаудағы сауда орталығында 12500 теңгеден сатылып тұрғанын көрдім, - деді ол.
Сатушы ұлдарға шалбарлы костюм, қыздарға белдемше алғанда жиынтықпен алу тиімді екенін жеткізді.
Мысалы ұлдарға 15500 тг-ге үштік костюм алғаннан сол бағаға костюмі, екі шалбары бар жиынтық алған дұрыс. Себебі шалбарды бөлек алсаң, бағасы 7500 теңгеден 15000-ға дейін барады. Сол сияқты қыздарға да бомбер мен белдемшеден тұратын жиынтықты алған бомбер мен белдемшені бөлек-бөлек алғаннан тиімдірек, - деді ол.