Екі жұмысшы көз жұмды: Қарағандыда қайғылы жағдай болды

/
Екі жұмысшы көз жұмды: Қарағандыда қайғылы жағдай болды
istockphoto

Қарағанды қаласында «Қарағанды Су» коммуналдық кәсіпорнының екі қызметкері кәріз құдығында жоспарлы техникалық жұмыс жүргізу кезінде қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 29 және 46 жастағы жұмысшылар улы газбен, алдын ала болжам бойынша, күкіртсутекпен уланған. Бұл ақпаратты кәсіпорын өкілдері растады.

«Аталған дерек расталды. «Қарағанды Су» ЖШС-нің екі қызметкері қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапты. Қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, Еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар ішкі қызметтік тергеу де басталды», — деді компанияның баспасөз қызметі.

Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Қайтыс болған екі коммуналдық қызметкерге қатысты оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сот-медициналық және техникалық сараптамалар тағайындалды. Кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде», — делінген департаменттің баспасөз хабарламасында.

Тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабы бойынша жүргізілуде. Сараптамалардың қорытындысы мен тергеу нәтижелері кейінірек жарияланады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары