Алматыда түнгі уақытта жұртты тонап жүрген қылмыстық топ ұсталды

/
Алматыда түнгі уақытта жұртты тонап жүрген қылмыстық топ ұсталды

Алматыда түнгі уақытта бірнеше тонау қылмысын жасаған күдіктілер криминалдық полицияның үйлестірілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қолға түсті, деп хабарлады turkystan.kz.

Күдіктілер негізінен түнгі уақытта әрекет етіп, қорғаныс құралы ретінде бұрыш баллондарын қолданған және күш көрсеткен. Олар азаматтардың ұялы телефондарын, қол сағаттарын және қолма-қол ақшаларын тартып алған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұсталғандардың кемінде үш қылмысқа қатысы бар және бұл фактілер қаланың әртүрлі аудандарында тіркелген.

 «Жәбірленушілердің арыздарына жедел әрекет еттік. Аудандық бөлімшелермен бірлесіп жүргізілген кәсіби жұмыстың арқасында күдікті тұлғаларды қысқа мерзімде анықтап, ұстадық. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Владимир Решетников.

Қазіргі таңда әрбір оқиға бойынша қылмыстық істер қозғалып, ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленді. Олар заттай дәлелдеме ретінде іске тіркелді. Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап, жедел тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Алматы қаласының полициясы қала тұрғындарына мынадай ескерту жасайды:

Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қандай да бір құқыққа қайшы әрекетке тап болсаңыздар, дереу жақын маңдағы полиция бөлімшесіне немесе «102» нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз.

Уақытылы берілген ақпарат қылмысты дер кезінде ашуға және кінәлілерді жауапқа тартуға едәуір ықпал етеді.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары