Ақмола облысында бір тәулікте 16 заңсыз такси жүргізушісі ұсталды

/
Ақмола облысында бір тәулікте 16 заңсыз такси жүргізушісі ұсталды
istockphoto.com

Ақмола облысында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, рейдтердің басты мақсаты – жолаушылар мен жүк тасымалын заңсыз жүзеге асыратын жеке тұлғаларды дер кезінде анықтап, жолын кесу. Іс-шара барысында полицейлер жолаушылар тасымалдайтын көліктерді, жүргізушілердің құжаттарын, көліктің техникалық жай-күйін, сондай-ақ заң талаптарының сақталуын тексереді.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде бір тәуліктің ішінде такси жүргізушілері тарапынан 300-ден астам жол қозғалысы ережесінің бұзылуы анықталды, 16 заңсыз такси жүргізушісі ұсталды. Патрульдік экипаждар үш мас күйде көлік басқару дерегін, сондай-ақ 39 жүргізушінің тиісті құжатсыз көлік басқарғанын анықтады», – деп хабарлады полиция.

Атап айтқанда, Бұланды ауданында «Газель» көлігі тоқтатылып, оның жүргізушісі тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінсіз жолаушылар тасымалдағаны белгілі болды. Жүргізуші көлік басқарудан шеттетіліп, әкімшілік хаттама толтырылды.

Мұндай жағдайлар жолаушылар тасымалдау ережелерінің сақталуын тұрақты бақылаудың маңыздылығын көрсетеді. Тиісті санаттағы куәліксіз көлік жүргізу – жолаушылар мен жол қозғалысына қатысушы басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Уәлихан Жүнісбековтың айтуынша, биыл облыс аумағында такси жүргізушілерінің кінәсінен төрт жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі әртүрлі жарақат алған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары