Бүгін Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы бұл істе тәркілеуге ұсынылған мүлік тізімін жария етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу мақсатында қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлікті тәркілеу талап етілуде.
Тізімге келесі автокөліктер енгізілген: Mercedes Benz S450, Lexus LX 600, Haval H6 GT және Mercedes Benz Iq 500.
Сондай-ақ тәркілеуге ұсынылғандар:
Астанадағы Vela Village коттедж қалашығындағы Е-899 көшесінде орналасқан жекеменшік тұрғын үй;
Жер телімі;
Тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер:
Akbulak Riviera (Амман көшесі, 21),
Sensata Group (Тәуелсіздік көшесі, 56/2),
Көк Жайлау (Қазыбек би көшесі, 7а),
Highvill Gold Ishim (Нәжімеденов көшесі, 2);
Highvill Gold Ishim және Akbulak Riviera тұрғын үй кешендеріндегі екі автотұрақ орны.
Бұдан бөлек тізімге мыналар енген:
Перизат Қайраттың 46,7 миллион теңге көлеміндегі дебиторлық берешегі;
Үстел теннисі федерациясының шотында орналасқан 10 миллион теңге;
Rebel Flowers компаниясының жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
Қылмыстық жолмен алынған деп есептелетін люкс заттар – сөмкелер, әшекей бұйымдар, аяқ киім және аксессуарлар;
Перизат Қайраттың, оның анасының, сондай-ақ таратылған қайырымдылық қоры мен гүл дүкенінің шоттарындағы ақшалай қаражат.
Мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Іс бойынша жарыссөз жалғасуда.