Шымкентте 61 жастағы әйел телефон алаяғының құрбаны болды. Белгісіз біреу өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, оның жинақтарына қауіп төніп тұрғанын айтып сендірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақшасын "құтқару" үшін әлгі адам қаражатты шұғыл түрде "қауіпсіз" шотқа аударуды ұсынған.
Зейнеткер қоңырау шалған адамға сеніп, 2 миллион теңгені көрсетілген шотқа аударған. Алайда кейін бұл шоттың бөгде адам — яғни, "дроппердің" атына рәсімделгені анықталған. Алаяқтың құрбаны болғанын түсінген әйел, сотқа жүгініп, ақшаны қайтаруды талап етті.
Сотта жауапкер өзі де сол алаяқтың өтінішімен ақша алғанын және қаражатты үшінші тұлғаларға жібергенін айтты. Алайда бұл әрекеттердің заңдылығын растайтын дәлелдер ұсынбаған. Сот карта иесі өзінің шоты арқылы жасалатын операцияларға қатысты тәуекелдерді түсініп, оның қолданылуына жауапты болуы керектігін, әсіресе, күмәнді схемаларға қатысы болған жағдайда, атап өтті.
Бірінші инстанциядағы сот қылмыстық іс материалдарына сүйене отырып, онда талапкер жәбірленуші ретінде танылғанын ескере отырып, жауапкерден 2 миллион теңгені өндіру туралы шешім шығарды. Апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.