Түркістан облысында Жетісай аудандық білім бөлімінің 46 қызметкеріне қатысты сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты.
Соттың мәліметінше, 2021–2023 жылдары бөлім басшылары М. мен Ш. және 44 мектеп есепшісі жалған қызметкерлердің атынан жалақы аударып, мемлекеттік бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы жымқырған.
Прокуратура 40 сотталушыға 7–14 жыл аралығында бас бостандығынан айыруды, ал 6 адамға – шектеу жазасын сұрады. Көпшілігі кінәсін мойындап, шығынның бір бөлігін өтеген.
Сот шешімі бойынша:
- Негізгі айыпталушылар М. – 10 жыл, Ш. – 9 жылға сотталды. Ш.-ның жаза өтеуі 5 жылға кейінге қалдырылды (бала күтіміне байланысты).
- 34 есепші 5-8 жыл аралығында түрме жазасына кесілді, оның ішінде 18-іне шартты жаза тағайындалды.
- 8 адамға 1-3 жыл аралығында шектеу жазасы берілді.
43 есепші мемлекетке 800 млн теңгеден астам қаржыны қайтарды.
Шығынды толық өндіру мәселесі азаматтық іс аясында қаралады.