Жетісу облысында күйеуі атпен сүйреп, ажал құшқан Айзатқа қатысты отбасылық досы пікір білдірді, деп жазады turkystan.kz Democrat.kz-ке сілтеме жасап.
"Айзатты да, жолдасын да жақсы танимыз. Өте жақын араластық. Құрдастар болып, бір-бірімізге барыс-келісіміз жақсы еді. Бірнеше күннен бері "Айзаттың өзінен де кінә болған" дегенге саятын пікірлер жазылуда. Айтқым келгені, не болып, не қойғанын әзірге ешкім білмейді. Марқұмның артынан ондай жаман сөз айтпайық", - дейді ол.
Оның айтуынша, Айзат та, күйеуі де жап-жақсы адамдар болған.
"Екеуінің арасында әлдебір араздық, ұрыс-керіс болғанын араласып жүрген осы 3 жылда көрген емеспіз. Айзаттың өте жақсы келіншек болғанын көзіміз көрді. Отбасылық достарымыз болды. Айбар бәлкім бірдеңе ішті ме, шекті ме, кім білсін. Көзі байланып қалды ма, білмеймін. Қалай десек те, қылмыс жасалған болса, әркім өз жазасын алады деп сенемін. Қалай болғанда да, достарымыздың бірін өлімге, бірін түрмеге қимаймыз. Алайда әділдік орнын табады деп сенеміз", - деген Дана Қасымова жұртты оқиғаның нақты шындығын білмей пікір жазбауға шақырды.