Алматыда қойма өртенді, өрт сөндірушілер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
2024 жылғы 21 шілдеде сағат 09:52-де Жетісу ауданы, Тобаяқов көшесі мекенжайы бойынша орналасқан қойманың өртенуіне байланысты Алматы қаласы ТЖД күштері мен құралдары күшейтілген дәрежеде жұмылдырылды.
«Оқиға орнына жеткен кезде қойманың ашық жалынмен өртеніп жатқаны анықталды, өрт сөндіру оқпандары енгізілді, автоцистерналар өрт гидранттарына қосылып, су үздіксіз жеткізілді», – деп хабарлады Алматы қаласы ТЖД.
Жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды: үш жауынгерлік учаске құрылды, қаланың барлық өзара іс-қимыл қызметтері тартылды.
Өртті сөндіру жұмыстары жанғыш заттардың көптігі мен жылулық сәулеленудің салдарынан қиындауда.