Мамандар баланы мектепке қай жаста берген дұрыс екенін айтты

/
Мамандар баланы мектепке қай жаста берген дұрыс екенін айтты
istockphoto

Елімізде 1-сыныпқа құжат қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың дерегіне сүйенсек, биыл шамамен 370 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

30 жылдық тәжірибесі бар педагог-психолог Анна Александрқызы  Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде меңгеруші болып қызмет атқарады. Оның жетекшілігімен талай бүлдіршін білім ошақтарына жолдама алып, үлкен өмірге алғашқы қадамын жасаған. Тәжірибелі маман соңғы уақытта алтыға толған балаларды мектепке асығыс беруге тырысатын ата-аналардың көбейіп кеткеніне алаңдаулы. Маманның айтуынша, бұл жаста баланың тек дене-бітімі ғана емес, психикасы да әлі толық қалыптасып үлгермейді.

Медеу ауданындағы жекеменшік балабақшада 135-тен астам бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 15-і бірінші қыркүйекте мектеп табалдырығын аттайды

"Балалардың дамуында біраз қиындықтар барын көріп жүрміз. Мен 30 жылдық тәжірибемде көптеген бүлдіршіндердің сөйлеуде, эмоциялық дамуда, жаңа нәрсені үйренуде қиналатынын байқадым. Сол себепті оларды мектепке 6 жастан жіберуге қарсымыз. Білім туралы заңға өзгеріс енгізілсе екен деген талабымыз бар. Өйткені бала мектепке ерте жастан барса, онда сабаққа қызықпай, оқуға ынтасы төмендеп кетеді. Бұл - өте өзекті мәселе",-деді балабақша меңгерушісі Анна Мордовская.

Бұл пікірді психолог Шынар Құсманқызы да қолдайды. Оның айтуынша, 6 жаста көбі мектептегі талаптарға психологиялық жағынан дайын емес. Ерте жүктеме олардың ынтасын басып, күйзеліске әкелуі мүмкін.

"Егер де баланы 6 жастан бастап беретін болса, әлі балалығын толыққанды ішкі дүниесімен қоштаса алмай жүргенде оған мектепте оқу кішкене ауырлау болады. Бірақ ата-аналар баланы мақтап, алдап оқытып жатады. Дегенмен де 6 жаста баланың ішкі стержні қатып үлгермейді. Сондықтан 7 жастан бастап оқуды міндеттеу керек",-деді психолог Шынар Оразғалиева.

Бұл мәселе төңірегінде қоғам пікірі екіге бөлінген. Бірі баланы 6 жастан мектепке беруді құп көрсе, екінші тарап психологиялық дайындығы толыққан кезде, яғни 7 жаста барғаны дұрыс деп санайды.

"Алты жастан бастап берген дұрыс деп ойлаймын. Балалар ақылды, қазір олар дамыған қоғамда қажетін біліп отыр",-деді қала тұрғыны Әсел Сәкенова

"Бала болуы керек қой, оның балалық шағы болуы керек. Ойнап үйрену керек. Ал 6 жаста оқымайды, дұрыс сабақты түсінбейді", - деді қала тұрғыны Айгүл Ысқақова.

"Қазіргі мектеп бағдарламасы қиын ғой. Сол үшін 7 жастан оқығаны дұрыс, 12 жыл оқиды",-деді қала тұрғыны Бағила Байташова.

Қазақстанда білім беру заңнамасының 31-бабына сәйкес, балалар 6 жастан бастап бірінші сыныпқа қабылданады. Бұл – баршаға ортақ талап. Алайда әр бүлдіршіннің дамуы әртүрлі болғандықтан, жүйе ата-анаға белгілі бір таңдау еркіндігін де ұсынады. Егер балдырған оқу үдерісіне психологиялық не физиологиялық тұрғыда дайын болмаса, оны 7 жасқа дейін білім ордасына жіберуді кейінге қалдыруға мүмкіндік бар. Бірақ мұндай жағдайда мектепалды даярлықтан өту – міндетті шарт. Яғни, бастысы – жас көрсеткіші емес, білім жолына деген дайындығы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары