"Үш адамнан – бір дені сау бала": Ағылшын дәрігерлері тұқым қуалайтын аурулардың алдын алудың жаңа тәсілін ойлап тапты

/
"Үш адамнан – бір дені сау бала": Ағылшын дәрігерлері тұқым қуалайтын аурулардың алдын алудың жаңа тәсілін ойлап тапты
сурет: istockphoto.com

Англиядағы дәрігерлер алғаш рет үш адамның ДНҚ-сын қолданып жасанды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы сегіз дені сау нәрестенің дүниеге келгенін жариялады. Бұл озық технология митохондриялық ауыр тұқым қуалайтын ауруларды алдын алу мақсатында қолданылады, деп хабарлайды turkystan.kz The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Митохондрия мен генетикалық аурулар

Митохондрия – жасуша ішіндегі энергия өндіретін кішкентай органоид. Оның гендері анадан балаға беріледі. Митохондрияның гендеріндегі мутациялар адам денсаулығына аса қауіпті, кейде өмірге қауіп төндіретін ауруларға әкелуі мүмкін. Мұндай аурулар көбіне баланың миы, жүрегі және бұлшық еттерінің қызметінің бұзылуымен көрінеді.

Әр 5000 жаңа туған баланың бірі осы ауруларға шалдығады. Қазірше оларды толық емдеу мүмкін емес.

Технология қалай жұмыс істейді?

Бұл инновациялық әдісте әйелдің және ер адамның генетикалық материалы алынады, бірақ әйелдің жұмыртқа жасушасының митохондриялары донордың сау жұмыртқасының митохондрияларыменауыстырылады . Яғни, ұрықта ата-ананың ядросындағы барлық хромосома болады, ал митохондриялар донордан беріледі. Осылайша, балада болуы мүмкін митохондриялық аурулардың алдын ала алады.

Нәтиже мен үміт

Ұлыбритания 2015 жылы бұл әдісті заңдастырғаннан кейін, 2017 жылы Ньюкасл университетіне сынақтан өткізуге рұқсат берілді. Осы уақытқа дейін осы әдіспен дүниеге келген 8 бала (төртеуі ұл, төртеуі қыз, соның ішінде бір егіз) толығымен сау болып туды. Дәрігерлердің айтуынша, балалар дамуда қалыпты және олардың денсаулығы үнемі бақылауда.

Ғалымдардың пікірі

Бұл әдісті дамытқан профессор Дуг Тернбулл:

"Пациенттер үшін бұл өте жақсы жаңалық және бізді қатты қуантты" – деді.

Ғалымдар әдісті әрі қарай жетілдіру қажет екенін, өйткені кейде анадан аз мөлшерде зақымдалған митохондриялар берілуі мүмкін екенін айтты.

Бұл әдіс көптеген отбасыға генетикалық қауіптен сақтануға мүмкіндік беретін, адамзат тарихындағы маңызды ғылыми жетістік саналады. Қазіргі кезде әдіс әлем бойынша кеңінен қолданысқа енгізіліп, митохондриялық ауруларды азайтуға септігін тигізеді деп күтілуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары