Елімізде шілденің үшінші жексенбісінде Металлургтер күні аталып өтіледі. Жер қазып, кен тауып, оны өңдеп, жұрт игілігіне жаратып жүрген металлургтердің еңбегі ерен. Көпшілік ойлағандай олар тек кен қазып қана қоймайды. Қазып алынған кен зертханада зерттеліп, құрамы тексеріледі. Осындай зертхана жұмысына 33 жыл ғұмырын арнаған маманның бірі – Айжан Смағұлова. Айжан Бағдатқызы Абай облысында орналасқан «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-індегі Экологиялық зертханасының меңгерушісі болып жұмыс істейді.
«1974 жылы бұрынғы Бақыршық, қазіргі Әуезов ауылында дүниеге келдім. Осында балабақшаға бардым, мектеп бітірдім. 1991 жылы жоғары оқу орнына түсіп, бір жыл оқып, әкем ауырған соң ауылға қайтып келдім. Келген соң «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің зертханасына жұмысқа тұрдым. Зертханада 10 жыл металл қорытушы болып жұмыс істедім. Кейін химик-аналитик, химик-эколог, химик-инженер болдым. Біздің кәсіпорын құрамында алтын бар концентратты өндірумен және өңдеумен айналысады. Кен қазады, өңдейді. Өндірілген кен байыту фабрикасына жөнелтіледі. Сонда сынама жүргізіледі. Фабриканын орталық зертханасы үш бөлімшеден тұрады. Біріншісі – Сынама-сараптама зертханасы. Мұнда байыту фабрикасына түсетін кендегі алтынның мөлшері тексеріледі. Бір тоннада қанша грамм алтын бар екенін саралайды. Екінші бөлімше – Сынама дайындау учаскесі. Геологтар геологиялық сынамаларды әкеледі. Олардың құрамында алтын, мышьяк бар ма, соны тексереді. Үшіншісі қазір өзім істейтін – Экологиялық бөлімше», – дейді ол.
Әріптестері Айжан Бағдатқызын жұмысына адал маман ретінде таниды. Кәсіпорын басшылығы жұмысына жауапты, білікті зертханашыны Экологиялық зертхана меңгерушісі етіп тағайындаған.
«Зертханада бес күндік режим бойынша үш адам жұмыс істейміз. Таңертең келгенде жұмыс орнымызды тексеріп, кірісеміз. Күн сайын, апта, ай, тоқсан сайын жүргізілетін сынамалар бар. Атмосфералық ауаны, ғимараттағы шаңды тексереміз. Су құрамында ауыр металдар, тұз, анионды қалдықтар бар ма, жоқ па, соны қараймыз. Байыту фабрикасының іші мен кәсіпорын сыртындағы атмосфералық-санитарлық зонаның жай-күйін бақылап отырамыз», – дейді маман.